Ақтөбеде мұнай-газ саласы мамандарының еңбегі еленді
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 тамыз, 2024
- 706
Ақтөбеде Қазақстан мұнайының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. «Өнер орталығында» ұйымдастырылған мерекелік кешке Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сала ардагерлері мен басқа да құрметті қонақтар қатысты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы Асхат Шахаров мұнай мен газды өндіруге үлес қосып жүрген қызметкерлерді айтулы күнмен құттықтады. Саланың маңыздылығына тоқталды. Өңірде мұнай-газ саласында 16 мұнай-газ өндіруші компания жұмыс істейді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отын-энергетика кешенінің Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Ақтөбе облысы – Қазақстанның ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Өңірде мұнай-газ саласының дамуына 16 мұнай-газ өндіруші компания үлес қосып келеді. Жыл сайын бұл компаниялар 4,5 млн. тонна көлемінде мұнай және 5 млрд. текше метр көлемінде газ өндіруде. Ал өндіріс пен қызмет көрсету салаларында 13 мыңға жуық отандасымыз табысты еңбек етіп жүр. «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы, оған қарасты еншілес компаниялар Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң нәтиже көрсетуіне септігін тигізуде. Сонымен қатар, компанияның қолдауымен елді мекендерді газдандыру, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Осы бастамалардың барлығы өңірдегі өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді», - деді өңір басшысы.
Мұнай-газ компаниялары өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті халықты қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды іске асыра отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Асхат Хасенов те құттықтау сөзінде мұнайшыларға жанқиярлық еңбегі мен мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдіріп, компанияның Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тигізген септігін тілге тиек етті.
«125 жыл ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Осы жылдар ішінде сала түрлі кезеңдерден өтті. Мұнайшылардың еңбегі елдің энергетикалық әлеуетін дамытуға ғана емес, өңірдің әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Қиындықты мойымай көтерген ардагерлеріміздің адал еңбегіне құрметіміз ерекше, алғысымыз шексіз. Соның арқасында біз еңсемізді тік көтеріп, ертеңгі күнге сеніммен қараймыз», - деді «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов.
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Мұғалжар ауданындағы Жаркемер ауылын газдандыру жұмыстарын, ал 2024 жылы Қожасай ауылында грейдерлік жол және Шеңгелді, Қожасай мен Теміркөпір ауылдарында балалар алаңдарын салужобасын қаржыландырды. Сонымен қатар Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы балабақшаның материалдық базасын қалыптастыруға қаражат бөлді.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылының тұрғындарын өтеусіз негізде газбен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бері компания өзінің электр станциясында өндірілген артық электр энергиясын ауданның шаруа қожалықтарына тегін беріп келеді.
Мереке барысында мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік қызметкерлері марапатталды. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарасты «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС және «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының қызметкерлеріне мерейтойлық төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.