21 жастағы алматылық тұрғын үйлерге жазған жазуы үшін ұсталды (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 31 тамыз, 2024
- 1.2k
Алматыда есірткі жарнамалаған азамат ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Есірткі сатуды жарнамалайтын граффити суретті салғаны үшін полицейлер 21 жастағы жігітті ұстады.
“Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы аясында Баум тоғайының аумағында тұрғын үйлер мен нысандардың қабырғаларына жазу жазумен айналысқан жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл жазу тыйым салынған заттарды сататын алаңдардың бірінің мекенжайы екені белгілі болды. Тұрғылықты жерін тінту кезінде граффити салуға арналған трафареттердің, бояулардың және басқа да құралдардың бірнеше түрі табылды. Ұсталған азаматтың әрекетінде ҚР ҚК-нің 299-1-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Айта кетейік, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.