Балконнан кіріп пышақтап кеткен: Ақтөбеде өз пәтерінде көз жұмған дәрігерге қатысты сот басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 қыркүйек, 2024
- 857
Ақтөбеде өз пәтерінде кісі қолынан қаза болған жас дәрігердің өліміне қатысты сот басталды. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандарылған ауданаралық сотында жас дәрігердің өліміне қатысты жабық сот басталды. Күдіктіге төрт бірдей баппен айып тағылған: Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2 тармағы – "Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу", 120-баптың 2-тармағының 2-бөлігі – "Зорлау", 99-баптың 2-тармағы – "Адам өлтіру" және 380-баптың 1-тармағы – "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері". Сот талқылауына тек процеске қатысушылар ғана кірді.
Ертемен сот ғимаратының алдына келген жәбірленушінің әкесі жанайқайын жеткізді.
"Маған соттың әділ шешім шығарғаны керек. Максималды түрде жаза тағайындаса дейміз. Қолымен істегенді мойнымен көтеруі керек ол бала. Бізге оңай болған жоқ, жалғыз қызымыздан айырылдық. Сот ашық болсын деп айтамын, бірақ жабық болады деп жатыр. Қорғаушым бар. Өзім айтарым, сот әділ өтіп, әділ шешім шығарса деймін. Қалай болғаны шет жағасы белгілі. Сот қанша уақытқа созылатынын білмеймін. Қызымды айуандықпен өлтірген. Соғыста да мұндай жағдай болмаған шығар. Материалды көрсетті, таныстым. Ондай хайуандыққа қалай барғанын білмеймін. Қолымда болса ату жазасын берер едім. Маған қарасып, денсаулығыма қарасып отырған. Ақтөбеде 10 жыл оқыды, грантқа түсті, өз білімімен жұмысқа тұрды. Ұжымда беделі бар еді. Қайтейін",- деді марқұмның әкесі Қалдыбай Тұмаров.
Мөлдір Томарова – Қызылорда облысының тумасы. Әкесі қызының ісіне қатысу үшін Қызылордадан арнайы келген. Үшінші топ мүгедектігі бар.
Еcке салсақ, қайғылы оқиға биыл 22 сәуірде болған. Ақтөбе медицина орталығының эндокринолог дәрігері Мөлдір Томарованың көршілері қанды оқиға туралы көрген-білгенін айтып берді.
Кейін "жалғыз қызымды аяусыз өлтірді" деп сұқбат берген марқұмның әкесі істің әділ тергелуін сұрады. Сот процесі жабық өтеді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық істе зорлау бабы бойынша мән-жайлар айтылады.