Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Өз қателігін мойындаудан бас тартты»: "Ақ жол" партиясы Асқар Садықовқа жаңа айып тақты

«Өз қателігін мойындаудан бас тартты»: "Ақ жол" партиясы Асқар Садықовқа жаңа айып тақты
Сурет: Ашық дереккөздерден
Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын "Ақ жол" демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның жарғысы мен бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді

"Ақ жол" партиясы жұмыстан қуылған экс-депутат Асқар Садықовқа қатысты тағы бір мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ партия баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы "Ақ жол" партиясының сайтында жарияланды.

"А.Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартыпты. Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр", - делінген партия хабарламасында.

Партия өкілдерінің сөзінше, Азат Перуашевтың мәлемдемесінде кейбір фактілер көрсетілмеген.

"Мысалы, А. Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталды. Мұндайда этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс болып табылады, сондықтан партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілген жоқ еді. Бірақ, оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылды", - делінген "Ақ жол" партиясының хабарламасында.

Партия өкілдері Асқар Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін тудыратынын жеткізді.

"Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын "Ақ жол" демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның жарғысы мен бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді. Сонымен қатар, Асқар Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін тудырады.

Талқылауға қатысқан Асқар Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтып, өз қателігін мойындаудан бас тартты. Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде Асқар Садықов депутаттық мандатынан айырылды. Осылайша, Асқар Садықовтың өзіне қатысты шешімнің негізсіз екендігі туралы әңгімелері еш дәйекке сүйенбеген бос сөздер ғана", - деді партия өкілдері.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар