Энергетика министрі коммуналдық қызметке айына 75 мың теңге төлейтінін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:51
- 26
"Мен шамамен 75 мың теңге, 73-75 мың теңге төлеймін. "Хайвилл" тұрғын үй кешенінде тұрамын. Коммуналдық шығындар үшін ай сайын шамамен осы соманы төлеймін. Оған интернет ақысы кірмейді, сондай-ақ, шатаспасам, паркингті пайдаланғаным үшін төлем де кірмейді. Мен паркингті жалға аламын. Ал менің мемлекеттен алатын жалақым – шамамен 1,2 млн теңге шамасында", - деді энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.
Министр коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуінен түскен ақша қайда жұмсалатынын түсіндірді. Айтуынша, электр стансалары бойынша былтырдан бері қаржыландыруға 348 млрд теңге бөлінді. Бұл электр стансаларына арналған.
"Тарифтің көтерілуі ең алдымен технологиялық тұтастық пен жабдықтардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және жалақыны көтеруге бағытталған. Яғни бәрін ең алдымен осыған байланыстырамыз. Сондай-ақ жылу электр орталықтарының жұмыс жағдайын жақсарту көзделген. Егер цифрларды атайтын болсақ, биыл жоспарланған 9 энергоблоктың 8-ін жөндеп бітірдік. Қазандықтардың жоспарланған 55-інің 49-ын жөндеуді аяқтадық. Қазіргі уақытта қалған бөлігі жөнделіп жатыр”, - деп жауап берді энергетика министрі.




