Астана мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 қыркүйек, 2024
- 706
Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің желідегі арнасында бөлісті.
Мәліметінше, мәдениет басқармасының экс-басшысы 2016 жылы Күн фонтанының құрылысы кезінде ұрлық жасады деген күдікке ілінген. Нысанның ашылуы бұрынғы президенттің туған күніне жоспарланған. Бірақ 2017 жылдан бері субұрқақ жарамсыз күйде тұр.
Бұл жоба салық төлеушілерге миллиард теңгеден астам шығын кетірген. Бұл тергеу барысында анықталды. Тіпті субұрқақтың жобалық-сметалық құжаты жоқ, мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
Белгілі болғандай, "Күн" сапасыз материалдардан жасалған, сондықтан ол тез істен шықты. Тергеуді жүргізіп жатқан қаржы агенттігінің мәліметінше, бұған Астанадағы мәдениет басқармасының сол кездегі басшысының тікелей қатысы бар. Тергеу аясында Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық үй-жайына, 2 автотұраққа және премиум-класс ғимаратындағы пәтеріне шектеу қойылған.
Іс бойынша басқа да күдіктілер бар. Олар субұрқақты салған мердігер компаниялардың өкілдері. Күдіктілердің де құны 500 миллион теңгеден асатын мүлкі тәркіленді.
Болат Мажағұлов 1983 жылы 1 тамызда Алматыда дүниеге келгені белгілі. Қазақ ұлттық өнер академиясын "гобой" сыныбында бітірген.