«Мақпал Жүнісовадан нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам оңбай қателеседі»: белгілі ақын жұртты шулатқан видеоға қатысты
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 қыркүйек, 2024
- 404
Белгілі ақын Ықылас Ожайұлы Мақпал Жүнісованың кешегі желіні шулатқан видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Серік-Абас Шах желідегі парақшасында бөлісіп, пікір иесін көрсетті. Ықылас Ожайұлы Мақпал Жүнісова еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам екенін айтып, оның ән орындаудағы шеберлігін атап өтті.
«Мақпал Жүнісовадан қайраткер, я ибалы нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам оңбай қателеседі. Ол бар болғаны кісі кейпіне ұласқан әннің өзі ғана. Оның түйеден түскендей сөйлей салатын, басы бар да аяғы жоқ орашолақ ойы – ескен желдей ерке әншінің ақжелең көңілі мен ішкі табиғатының нышаны.
Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам. Оның тік шапшыған байтақ дауысы мен әр нотаны сорғалатқан нәзік дірілі сопының хал ішіндегі бейне бір дәргейі дерсің.
Мақпал сыйлайтын рухани ләззат мінәжат пен катарсиске пар. Әнді мәтіндік әм ноталық шеңберден шығарып, мантра мен экстаз деңгейіне дейін жеткізген мұндай өнерпазды бұрын-соңды еш жерден естіген емеспін. Сол үшін де Мақпалды қазаққа бере салған Құдайға мың мадағымды жаудырамын..», - деп жазды ол.