"Томирис патшайым" болып мектепке барған әйелге қатысты жаңа дерек шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 қыркүйек, 2024
- 4.7k
Жамбыл облысы Тереңөзек ауылындағы мектепке барып, өзін "Томирис патшайым" деп таныстырған әйелге қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ақпаратты Ayel telegram арнасы бөлісті. Ақпаратта әйелдің 1,7 миллион теңге қарызы бар екені айтылған.
Өзін “Томирис” деп таныстыратын Муртазина Гүлсара Суазқызының атында "АҚ ҚАҒБА" жеке кәсіпкерлігі бар екені анықталды. Жеке кәсіпкерліктің 2006 жылдан бері Алматы қаласында тіркелгені және жеке қызметтер көрсететіні белгілі. Adata.kz бизнес-тізілімінде кәсіпкердің қарызы бар екені, өндіріп алушының Диана Шулакова есімді азаматша, өндіріп алу туралы сонау 2015 жылы берілгені көрсетілген.
Сонымен қатар, әйелдің бұған дейін діни қызмет туралы заңды бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны да анықталды. 2016 жылдың желтоқсан айында тәртіп сақшылары Муртазина тұратын үйде діни рәсімдер өткізіліп, жұма намазы оқылатынын анықтаған. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңды бұзғаны үшін сот Муртазинаға 50 АЕК (ол кезде 106 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салған. Әйелдің өзі сот отырысына қатыспаған.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының "Томирис ханшайым" болып киінген әйелді салтанатты түрде қарсы алған видеосы қазақстандықтарды ашуландырған еді. Әйелмен кездесуді ұйымдастыру үшін ауыл мұғалімдерінен ақша жинағаны туралы жазған едік.