«Майлықты жағып, оны бұтыма салатын»: Қызылорда облысында сыныптастары жезөкшелікке мәжбүрлеген қыз болған жайтты айтып берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 қыркүйек, 2024
- 26.3k
Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған 16 жастағы оқушы қыз болған жайтты айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі желідегі парақшасында жариялады.
Жәбірленушінің айтуынша, ол өткен жылдың желтоқсан айында Ж және Н есімді қыздармен қыдырып шығады. Ж оны камераға түсіріп, телефонын ломбардқа өткізіп жіберген. Кейін «менде сенің жалаңаш суреттерің бар, ата-анаңа, туыстарыңа көрсетемін» деп қорқытқан.
"2022 жылы 10 сынып кезінде сыныптасыммен құрбы бола бастадым. Ол біздің үйге жиі келетін. Анамды «анашым» деп атап кетті. Біздің үйге қонатын, мен де оның үйінде болдым. 2023 жылы желтоқсан айында жаңа жылға бір апта қалғанда сыныптасым Ж мен оның туысқан сіңлісі Н үшеуміз «Alen» деген клубқа бардық. Сол жерде алкогольдік ішімдік іштік. Ол сурет және видеоға түсіріп отырған. 7 қаңтар күні менен сұрамастан, телефонымды ақша алу үшін ломбардқа өткізіп жіберген" , - дейді жәбірленуші.
4-қаңтарда Ж жәбірленушіні жыныстық қызмет көрсететіндерге арналған Kizdar NET сайтына тіркеп қойған. Клубқа апарып, одан клиент жинауын талап еткен. Ата-анасына «даяшы болып жұмысқа кірдім» деп өтірік айтып, жыныстық қызмет көрсетуін жалғастырған. Оның жезөкшелікпен айналысып жүргенін біліп қойған сыныптастары болса, одан ақша бопсалайды. Қыз әке-шешесін алдап, оларға 680 мың теңге тауып берген. Осы жылдың маусым айында оны құлдықта ұстаған екі қызға Д мен А атты ұл сыныптастары қосылып, ары қарай бопсалауды жалғастырады.
«Ең алғашқы клиентім Е есімді жігіт болды. Ол мені күшпен жыныстық қатынасқа итермеледі. Мен онымен жақындасқым келмеген. Кейіннен менің денсаулығым сыр бере бастады. Дәрігерге барайын дегенімде, олар тосқауыл болды. Н сыныптасымның пәтерінде тұрдық. Оның анасы вахтада жұмыс істейді. Жағдайым нашарлай түсті. Сабақтан да қаша бастадық. 11 наурызда Д есімді клиент болды. Ол маған күшпен есірткі берді. Ары қарай не болғанын білмеймін. Бір жарым күн ұйықтағанмын. Ал олар мені сол сәтте суретке видеоға түсіріп алыпты. Ары қарай бопсалауларын жалғастырды. Аяғымды отпен күйдірді. Майлықты жағып, оны бұтыма салып,сөндіртті. Оны бұтыма тастайтын. Полиэтилен пакетті күйдіріп, ішіме тамшылатып тұратын. Қазір сол жерімде тыртықтар бар. Маған күндіз-түні жұмыс істетті. Тамақ бермей, ұйықтатпады да. Өздерінен қалған тамақты жегізді. Бокспен айналысатын қыздарға ұрғызды», - дейді жәбірленуші.
Қызды бопсалаушылар қатары көбейіп, оны одан сайын қорқыта түскен. Бірақ ақша тауып бере алмайтынын түсінген ол танысына хабарласып шындықты айтып берген. Ол әкесіне айтып береді.
Сыныптастары қызды секс-құлдықта ұстаған уақыт аралығында оның банк картасынан 13 млн теңгеге жуық аударымдар жасалған. Ол ақшаның ішінде қыздың туыстарынан, ана-анасынан келген ақша да бар.
Қордың мәліметінше, 16 жастағы қыз 200 ер адаммен жыныстық қатынасқа түскен. Қазір ол ауруханада неврологиялық ем алып жатыр. Оны жезөкшелікке мәжбүрлеген деген күдікке ілінген сегіз адам қамауға алынған, біреуі үйқамақта отыр.
Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Дина Таңсәрінің жазуынша, мектеп әкімшілігіне қатысты ешқандай іс қозғалмаған, жауапкершілікке тартылмаған. Мектеп директорының орынбасарлары да жұмысын жалғастырып жатыр.
Айта кетсек, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстаған.