«Қан-қан күйде әжетханадан шығарып алып кеткен»: Құқық қорғаушы Ербаян Мұхтар ісіндегі жұмбақ жағдайды айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 қыркүйек, 2024
- 514
Әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың әкесі мен шешесі, адвокаты Инга Иманбай Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізді. Заңгер Инга Иманбай әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі қазір мүлде жүрмей тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева қазір Еуропаға алып кетейін десе ұлының денсаулығы келмей тұрғанын, оған қоса құжат жұмыстары шешілмей жатқанын айтады. Гүлсім Қамиева сондай-ақ “Ербаян бұрын гайморитпен ауырған, өкпесі қабынған” деп мәлімдеген Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетовтың сөзімен келіспейді. Адвокат Инга Иманбай Қайрат Үмбетовтың бұл сөзін ең азы этикаға қайшы деп, сот болмай жатып мұндай мәлімдеме жасау өте орайсыз болғанын атап өтеді.
«Осыған дейін журналист Дина Төлепбергенге медсарапшы Тахир Халимназаровтың берген сұхбатын көрдім. Ол соңғы медициналық сараптама болмаса да, сарапшы “ер азамат өзінің бойынан өзі құлағаннан баста соншалықты жарақат болуы мүмкін емес” деп айтып отыр. Сондықтан, біз медициналық сарапшы, тергеуші емеспіз. Дәл қазір осындай болды деп айта алмаймыз. Үш ай бұрын мен іске кіріскен кезде іс “әскерилердің ішкі тексерісі нәтижесінде бала өзі құлады” деген болжаммен жабылып тұрды», – дейді Инга Иманбай.
Адвокат түнгі сағат екіде дәретханада 7-8 әскери адам болғанын айтады.
«Видеокамераларды ата-анасы көрді. Маған тергеуші әлі ол видеокадрларды көрсетпей отыр. Ішінде бір сержант, тағы бір әскери отырады. Сарбаздар бір-екі минут сайын әжетханаға кіреді, шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай орын алғаннан кейін Ербаянды қан-қан күйінде сол әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін неге екені белгісіз бір сержант қолында белдікпен шығады сол жерден. Ең болмағанда осы видеокадрлардың бәрін көре тұрып, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттардың бәрін көре тұра әскерилердің істі “өзі құлады” деп тоқтатып тастағаны бізге күмән ұялатады. Қоғамға да!», – дейді ол.
Инга Иманбай алғашқы істі тоқтату себептері ақылға тоқтамсыз дейді. Тергеу жүрмей жатқанына наразылық білдіреді.