«Әнші қыздар сіздің қолжаулығыңыз емес»: Наркенже Серікбаева Түркістан облыстық филармониясының басшысына ескерту жасады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қыркүйек, 2024
- 560
Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева өзі жұмыс істеген Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясына қатысты кейбір адам нанғысыз жайттарды айтты. Сөзінше, басшылық әнші қыздарды жұмыстан тыс уақытта тойларға жібереді екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол мәдениет мекемесінің халі мүшкіл екенін айтқан болатын.
“Мен су ішкен құдығыма ешқашан түкірген емеспін. Мен Шәмші атамыздың атындағы сарайды жарға жықпай керісінше жарқырағанын қалайтын жанмын. Әнұранымыздың авторы, ұлы композитордың атын иемденген, жамау-жамау күйдегі филармонияның бүгінгі жай-күйін айттым. Шындық ащы болады, біраз кісілер шыңғырып жіберді”, – деді әнші.
Сонымен бірге, күні кеше ғана филармонияның жағдайы жақсы деген Ғалымжан Бақытжанұлының сөзін теріске шығарды.
«Ғалымжан Бақытжанұлы кеше үндеу жариялапты. Сөзін тыңдасаңыз бәрі тамаша, бәрі керемет. Ол пікіріне қол астындағы өзіндік пікірі жоқ, тек ғана бас изеп ғана қоятын орынбасарлары, жетекшілері мақтап, мадақтап отыр. Қонаев атамыздың “ айналаңа табынушыларды емес, идея қосушыларды жина” деген сөзін ұмытпаңыздар құрметті “креслоның” айналасындағылар! Тақ пен табыттың иесі жоқ. Ештеңе мәңгі емес. Елге қызмет істеу мүмкіндігі берілген уақытта адал, дұрыс, нәтижелі жұмыс жасалуы керек!», - деді әнші.
Айтуынша, мекеме басшылығы әнші қыздарды тегін тойларға шығарады. Ол қолында дәлелдер барын айтып, өзін ашуландырмауын ескертті.
«Ғалымжан мырза сосын сізге айтарым қызметіңізді аса пайдалана бермеңіз. Қалаған уақытта шақырып алатын әнші қыздар сіздің қолжаулығыңыз емес. Әнші қыз-жігіттерді жұмыстан тыс уақытта тегін тойға жіберуді қойыңыз! Олар да бір айлыққа қарап отырмай кешкі тойға шығып ақшасын тапсын! Өнер адамына еркіндік сыйлаңыздар! Құзыретіңізді абайлап пайдаланыңыз. Менде біраз материалдар бар. Бәлеқор емеспін. Бірақ мені ашуландырмаңыз!», - деп жазды Наркенже Серікбаева.