FlyArystan қызметкерлері 12 жастағы қызды бортқа жібермей қойған: Air Astana әуе компаниясына айыппұл салынды
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 қыркүйек, 2024
- 144
Air Astana әуе компаниясына 3,7 миллион теңге айыппұл салынды. FlyArystan қызметкерлері 12 жастағы Зере Галиеваны бортқа жібермей, елорда әуежайында жалғыз қалдырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы заңгер Данилхан Шағатаев өзінің telegram-арнасында мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабы 2-тармағы бойынша («Тасымалдаушының рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген, тасымалдау бағытын өзгерткен жағдайда жолаушыға қызмет көрсету міндетін тиісінше орындамауы») Air Astana компаниясына 1000 АЕК көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.
«Сот Air Astana және FlyArystan компанияларын қызым Зереге жасаған әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Біз жеңдік», – деп жазды қыздың анасы Жазира Мусина Instagram желісінде.
21 шілдеде FlyArystan әуекомпаниясы кәмелетке толмаған Зере Галиеваны рейске жібермей, әуежайда жалғыз қалдырған. Бұл жайлы Зеренің анасы Жазира Мусина өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Сол күні егіздер Зере мен Зәуре сенімді өкілімен бірге Америкадан Орал қаласына келе жатқан. Оралға балалар Астана қаласы арқылы ұшуы керек болған.
Бірақ ұшу құжаттарының дұрыстығына қарамастан, әуе компаниясы Зәурені рейске өткізіп, техникалық ақаудан болды деп Зерені рәсімдемей қойған. Содан 12 жастағы қыз сол күні қараусыз Астана әуежайында рейстен қалып қойған.
FlyArystan баспасөз қызметі компанияның басшысы Ричард Леджере «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген бүлдіршіннің анасы Жазира Мусинамен кездескенін хабарлады. Ричард Леджере 11 тамызда «Астана-Орал» рейсіне жіберілмей қалып қойған 12 жасар Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып келген.
FlyArystan Жазира Мусинова татуласуды ұсынып, өтемақы есебінде 4 миллион теңге төлеуге әзір екенін хабарлады. Бірақ оралдық тұрғын ол ұсыныстан бас тартып, сотқа жүгінді.