Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысында жаңа сүт фермасы күніне 10 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр

Түркістан облысында жаңа сүт фермасы күніне 10 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр
kyn.kz
Бүгінгі таңда жүн, сүт және ет өндірісінде Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр.

Ал өңірдің басым бағыттарының бірі — облыс орталығын азық-түлік өнімдерімен толық көлемде қамтамасыз ету.

Түркістан облысында ауыл шаруашылық өнеркәсіп салаларын несиелендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы өнеркәсіптік парк аймағын аралап қайтты. Ол «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасының құрылыс барысымен танысты. Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан бұл ферма күніне 10 тонна сүт өткізуді жоспарлап отыр. Бұл тек биылғы меже. Ал келер жылдан бастап бұл көрсеткіш күніне 20 тоннаға жетпек. «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасының жалпы қуаттылығы 1200 бас. Қазіргі таңда мұнда 400-ден астам бас ірі қара Дания елінен әкелінген.

Жалпы құрылысқа 3,3 млрд. теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 1,5 млрд. теңге СПК тарапынан қаржыландырып жатса, 1,8 млрд. теңге жеке инвестор қаражаты. Түркістан облысында ауыл шаруашылық өнеркәсіп салаларын несиелендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жауаптылар былтыр бұл саладағы жобаларға 6 млрд. теңге бөлінген дейді. «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасы сол қаражат есебінен қаржыландырылып отыр.

СПК бірінші кезеңде несиемен сүт тауарлы ферманы қаржыландырған. Содан кейін су үнемдеу технологиясын пайдаланып, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жүйелері қаржыландырылады. Несие 2,5 пайызбен 10 жылға беріліп отыр. Жеңілдетілген кезеңі де қарастырылған. Мұндай ірі жобаларға бұл өте ыңғайлы несие.
Айта кетсек, «БНК Агро» сүт тауарлы фермасы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысан толық жұмысқа кіріскен жағдайда 35 адам жұмыспен қамтылмақ.

Айта кетейік, Түркістан облысында тауарлы сүт фермалары көбейіп келеді. Бір ғана Сайрам ауданының өзінде осы бағытта  30- дан астам шаруашылық жұмыс істейді.

Олар жылына 22 мың тонна сүт өндіреді. Одан бөлек, ірімшік, құрт, май, айран, қаймақ сияқты сүт өнімдерін шығарып, көрші облыстарға жеткізеді. Сонымен қатар жақында ұнтақ сүт шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Манкент ауылдық округіне қарасты Аққала елді мекенінде орналасқан сүт фермасы 2016 жылы ашылған. Қазір мұнда 146 бас сүтті сиыр бар. Оның 66-сы жергілікті тұқым болса, қалған 80-ні шетелден әкелінген. Ферма басшысының айтуынша, жақында мұнда түркиядан сиыр сауатын жаңа технология жеткізілген. Бір мезетте 8 сиыр сауылады. Кәсіпкер алдағы уақытта сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Сүт фермасының тағы бір ерекшелігі – мұнда жаңа туған бұзаулар енесін мүлде ембейді. Бірден басқа орынға жайғастырылып, сүт қолдан беріледі. Еркек бұзаулар бордақыланса, аналықтары сүтті сиырлардың қатырын көбейтеді. Мамандар мұнда күніне 4 тоннадан астам сүт өндірілетінін айтады. «Сүт өнімін шығаратын зауыттар оның литрін 250 теңгеден сатып алып кетеді», – дейді.

Сондай-ақ аудандағы Ақсу ауылында құрғақ сүт өнімі шығарыла бастады. Жақында кәсіпорын дайын өнімді мемлекеттік стандартқа өткізіп, сәйкестендіру сертификатын алған. Мұнда жылына құны 468 млн теңге болатын 900 тонна құрғақ сүт өнімі шығарылады. Зауыт алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттауды жоспарлап отыр.

Жалпы Түркістан облысында 200-ден астам сүт фермасы мен оны қайта өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жылына өндірілетін 50 мың тонна сүттен 17 мың тонна түрлі сүт өнімдерін шығарады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар