Түркістан облысында сирек кездесетін 200-ге жуық қошқар арасынан ең үздігі анықталды.
Ауылшаруашылығын дамыту – еліміз дамуының негізгі бағыттарының бірі. Оның ішінде мал шаруашылығында асылдандыру ісін ілгерілету ең басты міндеттердің бірі саналады. Осы мақсатта Арыс қаласында тұқымы сирек қошқарлардың облыстық көрме сайысы өтті. Қалалық Орталық Стадионда өткен шараға қой бағып, қошқар баптаған облыс көлемінен үміткерлер 200-ден аса қошқар әкеліп, өз бақтарын сынады.
Шараның ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, шын ризашылығын білдірді.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын», - деді шаһар басшысы.
Бұдан кейін, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, қаламыздың ақсақалы Тәңірберген Әсіл ақ батасын берді.
Көрмеге алыстан арнайы келген құрметті қонақтар, асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруақожалықтар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында белгілі журналист, бүгінде асыл тұқымды қошқарларды өсірумен айналысып жүрген Берік Сұлтан, ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов та бар. Олар көрменің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, мұндай көрмелер Шопан ата түлігін асылдандыруға серпін береді деген тілектестік білдірді.
Көрмені белгілі арыстық кәсіпкер Алмаз Шүкірбеков пен қаламыздың белсенді шаруа қожалықтары ұйымдастырды. Мұнда құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары әкелінген. Көрмеге әкелінген қошқарлар өзінің сұлулығымен көз сүріндіреді. Айталық қисары қойлары алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан. Қылшық жүні ажарларын аша түссе, дөң тұмсықтары айбат береді. Ал батпан деп бағаланған айыр құйрығы салмақтарына сән қосады.
Көрме сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына және экстерьеріне қарай бағалады. Көрмеде екі тіс қошқардың салмағы 145, сақа қошқарлардың салмағы 200 келіге дейін жетті.
Қорытындысында екі тіс бойынша әрі ең жоғарғы салмақ көрсетіп, әрі жұрттың ыстық ықыласына ие болған Берік Сұлтанның салмағы 144 келілік «Мүсін» қошқары дара шықты. Белгілі арыстық қойбегі Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқары 105,5 см бойды көрсетіп, биіктік бойынша чемпион атанды. Ал абсолютті салмақта тағы бір жерлесіміз, Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары экстерьер бойынша үздік болды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның әйгілі «Тұран» қошқары жеңімпаз болып танылды. Оның салмағы 195 келіні көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне Алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу, және кубоктар табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда асылтұқымды өсіруші шаруалар әр басқа мемлекеттен субсидия ала алады. Оның ішінде асыл тұқымды отандық қойларды сатып алғаны үшін 15 мың теңгеден, егерде шет мемлекеттерден сатып алған болса аналық басына 30 мың теңге, қошқарларға 150 мың теңгеден субсидия бар. Асылтұқымды мал басына қатысты субсидия алу бойынша тұрғындар қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне жүгіне алады.