Баласының қолы сынған: ұлына қол көтерді деп күдікке іліккен әйел үндеу жасады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 қыркүйек, 2024
- 282
Ұлына жәбір көрсетті деп күдікке ілінген Петропавл тұрғыны үндеу жариялады, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Құқық қорғау органдары оны ұлына қол көтерді деген күдікпен жауапқа тартқан. Алайда ол баласының баспалдақтан құлап кеткенін айтады. Салдарынан ұлының қолы сынған. Дәрігерге алып барғанда хирург жарақаттың қасақана болуы екенін айтып, шағымданған.
Ауруханаға құқық қорғау органдары қызметкерлері келгенін айтқан келіншек ұлын да солардың алып кеткенін баяндады. Тіпті баласы жылап, олармен барғысы келмеген екен.
"Олар ұлымды ұрлап, балалар үйіне алып кетті. Қорғаншылық қызметкерлері балама психологиялық қысым жасады. Ал мені кенже ұлыммен бірге ауруханада күштеп ұстады. Қамқоршылық органдары мені бөлек бөлмеге қамап, шығаруға рұқсат бермеді. Тез қолхат жазып, үстіме пижама мен тәпішке киіп, баламды алып қашып кеттім. Олар заңға мән бермейді. Балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған, жалғызбасты анамын. Балаларыма ешқашан саусағымның ұшын тигізген емеспін", – дейді әйел.
Әйел балаларына қол көтермейтінін, тіпті телефон, планеттеріне дейін әперіп, жағдайларын жасап қойғанын айтады. Тіпті құқық қорғау органдары оның кіші ұлын да алып кетпек болыпты.
Айта кетейік оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті түсініктеме берді.
"Қылмыстық кодекстің ("Кәмелетке толмағанға белгілі адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу жүріп жатыр", – деді полиция департаменті.