«Өмір тек еркелетіп отырмады»: Роза Әлқожа өмірі туралы сыр шертті
- автор Томирис Тоныкөк
- 2 қазан, 2024
- 354
Әнші Роза Әлқожа желідегі парақшасында сыр шертіп, қазіргі жағдайға қалай жеткені туралы жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол жазбасын жеке өмірінен бастап, өнер жолында жеткен жетістіктерін атап өтті.
“Біреуге ерте қонған әншілік бақ маған кеш қонғанымен, отбасылық бақыт маған ерте бұйырды. Он тоғызымда келін атанып, жиырма жасымда ана болдым, шүкір! 33 жасымда бес баланың анасы, Алматы-Астанада бес үлкен кеш берген әнші-сазгер, аты-жөні белгілі тұлғаға айналдым. Екі жүзден әннің орындаушысы, жүзден астам әннің авторы. Отызға жуық бейнебаяны бар, оннан астам альбом шығарған еңбекқор жан ретінде өзіме разымын! Жүрегіме, санама, ақылыма, сезіміме, төзіміме алғыс! Кей жолдарды қалай жүріп өткеніме бүгін таңырқап қарап қоямын! Кей жерлерде қалай төзгеніме қазір қайран қаламын! Мұның барлығы – махаббаттың арқасы! Мұның барлығы кіршіксіз сенген, күткен, жеткен Розаның арқасы!", – деді әнші.
Одан басқа Роза Әлқожа басынан түрлі сынақтар өткенін, алайда қиындықтардан сүрінбей өткенін айтты.
“Сына қаққанда сүрінбеуге, ізін баққанда бүлінбеуге тырысқанымен, өмір тек еркелетіп отырмады. Өзіне тән қошеметі, өзіне лайық қиындығы, өзіне тән сынағын қоса берді. Бел бекер жуандап, қабақтағы қалың әжім жайдан жай түскен жоқ… Бір Аллаға ғана тәуекел еткен жанның бағасын беруші де, несібесін жеткізуші де – халық. Бұл берген жолдарды, бұл киген киімдерді, өңдеткен әндерді, түсірген бейнебаянды бір адам ғана қолдап жасап бере алмас еді. Оған жомарттығы жетпес, мұнша дәрежеге жеткізуге ниеті де болмас?!. Бұл – үздіксіз хәм ұзақ жылдар жүрген жолдар жемісі, бітпеген төзім мен үзілмеген үміттің жеңісі!”, – деп жазды.