«Ең қауіпті төбелес»: Қыдырәлі Болманов Павлодар қаласындағы түрмеде жүр (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 қазан, 2024
- 372
Әнші, әрі продюсер Қыдырәлі Болманов Павлодар қаласындағы түрмеге барып, жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өнер иесі Республика күніне орай сотталған азаматтармен кездесті. Ол кезінде өзінің басынан өткен қиындықтарымен бөлісті.
«Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді дейсің. Қателеспейтін пенде жоқ. Павлодар қаласы, жалпы режімдегі колонияда жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесуге шақыру алдым. Қойылған мақсат – Республика күні мерекесі қарсаңында рухани әңгіме жүргізу, рухани қолдау көрсету екен. Мүмкін бір сөзім біреуге демеу, біреуге үміт, ал беруге жұбаныш болар. Тым болмаса қазір қиындыққа түсіп, қамауда отырған, сынақта жүрген отандас бауырларға амандасып, жақсы тілек тілеп, жүз көрсетіп, ізет білдіріп қайтармын. Алла көріп тұр – ниет түзу», - деді әнші.
Айтуынша, қанша қиындық көрсе де еш мойымаған. Керісінше, алдыға қарай ұмтылған.
«Шашыраған сұрақтар жауап таппай, масадай ызыңдап, сұрақтар жан-жағымда айналып жүр. Жаратушым жақсы ой берді бір кезде. Өзімнің де шалыс басқан, қателескен кездерім баршылық. Қателерімді қалай түзегенім, небір «нокауттарға» түсіп, оңбай құласам да, қайта тұрып, алға жүріп, биікке ұмтылғанымды, биік мақсаттарға қалай жеткенімді, менің де тар жолға түсіп, тайғақ кешкенімді айтайын дедім. Қалай бар, солай, шынайы әңгіме неге айтпасқа? Көңілім орнына түсті. Басшылары күтіп алды. Әңгімені басымнан өткен сынақтар, қиындықтар және қалай жеңгенім, тар жолдан қалай өткенім, тайғақты қалай кешкенім туралы сөздерден бастадым. Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім, қысқасы, өмірде болған оқиғаларымды кино қылып айтып бердім. Ән де орындалды. 2 сағат тез өтіп кетті», – деді Қыдырәлі Болманов.