Қарағандыда әйелін балаларының көзінше өлтірді: ер адам сотта қылмыстың себебін айтып елді шошытты
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 қазан, 2024
- 723
Қарағандыда әйелін пышақтап өлтірді деген күдіктінің ісі сотта қарала басталды. 51 жастағы ер адам қанды қылмысты балаларының көзінше жасаған. Бүгін ол кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Жек көріп, іс-әрекетінің әлеуметтік қоғамдық сипатын түсініп, мас күйінде қасақана үш рет пышақтап, қашып кеткен», - деді прокурор Жанқуат Ахмедин.
Қанды қылмыс жасаған күдікті ауланы айналып біраз жүріп, есін жиғанда полицияға өзі беріліпті. Айтуынша, әйелімен жанжал сол күні таңертең басталған. Бір ай бойы жұмыссыз жатқандықтан, таңертең үйден жұмыс іздеп шығып кетіпті. Екі қолға күрек таппай сағат бес шамасында бір шөлмек арағын алып қайтып келіпті. Ішіп алған соң ұрыс-керіс жалғасып, балалары полиция шақырған. Алайда тәртіп сақшылары тек ескертумен шектелген.
Полиция кете сала, күдікті қолына пышақ алып, балаларының анасын ажал құштырған. Ерлі зайыптылар осыдан 10 жыл бұрын ресми ажырасқанымен, бірге тұрып келіпті. Күдікті кінәсін толық мойындап, алқа билер сотынан да бас тартқан. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Марқұмның артында 17 және 15 жастағы ұлы мен қызы қалды.
«Өзі ұрыс бастап, жөндеу жасаған бөлмені сыпырып жүріп, айғайлап, маған боқауыз сөздер айтты. Шынымды айтқанда, қалай қылмысқа барғанымды айта алмаймын, не үшін барғанымды, қалай пышақ сұққанымды. Істеген ісіме кешірім сұраймын, барлықтарыңыздан», - деді күдікті.