Солтүстік Қазақстан облысының Ақжан ауылында жасөспірім сыныптасын пышақтаған. Бұл туралы СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жараланған 15 жастағы оқушы облыстық ауруханаға жатқызылған. Ол қазір жарасын тікітіріп, хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
СҚО полиция департаменті күдіктінің анықталғанын және оның да кәмелет жасқа толмағанын мәлімдеді.
«Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ол ата-анасының кепілдігімен босатылды. Қазір күдіктінің жасы ескеріліп, оның ата-анасы жауапқа тартылып жатыр», – делінген хабарламада.
Жасөспірім профилактикалық есепке алынып, құжаттары кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберіледі.