Түркістан облысы Қарғалы ауылында жүгері және мақта шаруашылығы дамып келеді
- автор kyn.kz
- 4 қазан, 2024
- 137
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы жүгері және мақта шаруашылығын дамыту жұмыстарымен танысты. Алдымен Қарғалы ауыл округіне қарасты «Отырар-Дән» жүгері кептіру және сақтау кәсіпорнында болып, шаруашылық төрағасымен кездесті.
Кәсіпорынның жұмысы туралы баяндаған кәсіпкер шаруашылықты дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
«Отырар-Дән» ЖШС бұл жобаны 2015 жылы қолға алған болатын. Жылына 10 мың тонна дақылды кептіріп, сақтауға қауқарлы кәсіпорын тың технология негізінде жұмыс істейді. Алдымен жүгері дәні собығынан бөлініп алынып, кептіріледі. Содан кейін қамбаларда сақталады. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алынған. Қазір мұнда екі ауысымда 30 адам жұмыс істеді. Қазіргі таңда қамбаға 180 тонна өнім жиналған.
Мұнан соң аудан басшысы «Таймас-2024» ЖШС-нің су үнемдеу технологиясын енгізе отырып мақта дақылын өсіру жобасымен танысты. Шаруашылық төрағасы тамшылатып суғару құрылғыларын шет елден арнайы алдырып, 500 га жерге элиталық «Жинг Кай НО-9» мақта тұқымын еккен. Қуаттылығын 1500 тоннаны құрайтын жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылған.
Аралау барысында аудан әкімі су үнемдеу технологиясының көмегімен су шығынын азайта отырып өнімділікті арттыруға болатынын айтып, жобаның аудан шаруалары үшін маңыздылығын атап өтті.