«Елімізде бірде-бір бала заңмен қорғалмаған»: Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты депутат пен әншілер пікір білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 қазан, 2024
- 420
Талғардағы оқиғаға қатысты депутат пен өнер иелері пікір білдірді. Олар соттың әділ өтуін талап етеді, де KYN.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Айдарбек Ходжаназаров, жасөспірімнің өліміне кінәлілер туралы ақпарат халыққа ашық айтылуын талап етті.
«Ең алдымен жас баланың өліміне әкелген оқиғаның барлық қатысушысы анықталуы керек. Ақпарат БАҚ өкілдеріне ашық берілсін. Жасыратын не бар? Тергеу жұмыстары жалғаса берер, ол түсінікті. Баланың туыстарының сөзіне қарағанда, қылмысқа қатысқан адам саны әлдеқайда көп.
Екіншіден, кінәлілер түгел қатаң түрде жазалануға лайық. Бұл оқиғада бір емес, бірнеше қылмыс түрі анық көрініс тапқан. Үшінші, сол түні адам өлтірген жігіттердің жанында қыздар да бірге жүрген. Егер осы рас болса, егер олар қамауда отырса, ол ақпарат та елге ашық айтылсын.
Шерзаттың әкесі айтқандай, дүкенде жұмыс істеп тұрған камерадағы материал өшіп кеткен. Бұл жағдайға қатысы бар адамдар да анықталуы керек. Мансабы мен атақ-беделіне қарамастан кез-келген азамат заң алдында бірдей!» - деді депутат.
Ал актер Тәуекел Мүсілім бір бөтелке сыра үшін 16 жастағы жасөспірімді өлтірген қылмыскерлердің соты ашық өтуін талап етті.
"Қылмыскерлер бір бөтелке алкоголь үшін адамды өлтірді. Біз әділ сотты талап етеміз", - деп жазды Тәуекел Мүслім.
Әнші Мадина Сәдуақасова, журналист Тимур Балымбаетов бұл оқиға Қазақстанда балалар заңмен қорғалмағанын айқын көрінісі екенін жеткізді.
"Залымдар! 16 жастағы балаға 15-20 адам шабуыл жасап, ата-анасының көзінше ұрып-соғып, пышақтап өлтірді. Алла сізді жазаласын", - деді әнші.
"Менің сөзім жоқ. Талғарда болған оқиға біздің елімізде бірде-бір бала мен бірде-бір азамат заңмен қорғалмағанын көрсетеді", - деді ол әлеуметтік желіде.