Марқұм Шерзаттың әкесі президентке: Отбасымды Алматыдан алып шығуға көмек керек
- автор kyn.kz
- 15 қазан, 2024
- 1.9k
Желіде мақұм Шерзаттың өлімі болған күннен қысқа әрі жаңа видео тарады. Онда марқұм жігіттің әкесі қолына пышақ алып жүр. Видеонрың бас аяғы қиылған. Ол пышақтың қайдан шыққаны да белгісіз, түсіндірілмеген. Енді осы жайттан кейін, Шерзат Болаттың әкесі Президент пен ІІМ-нен қолдау сұрады. Оның қалауы отбасын Алматы облысы мен Алматы қаласынан аман-есен алып шығып кету,деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Мен ақталайын деп тұрғаным жоқ. Қорқып та тұрғаным жоқ. Өйткені мен ешкімді өлтірген жоқпын, менің тарапымнан қан шықпады. Шыны керек, қайғы-қасіреттен шаршадым. Мен тек әділ сот болғанын қалаймын. Кінәм болса, мені кінәласын. Бауырымның кінәсі болса, оны да кінәласын. Бірақ, менің бір талабым - баламды өлтірген адамдар әділ жазасын алсын.Менің баламның жарақаттарын да жасырмақшы болды. Сондықтан мен ештеңеге таң қалмаймын қазір. Сондықтан митингі деген нәрсенің керегі жоқ. Мені, менің отбасымды қаралаудың қажеті жоқ.
Егер менің баламды өлтірген адамдардың әкелері ер-азамат болса, менің алдыма келер еді. Тик-токқа, инстаграмға үлкен кісілерді шығарып қойып, үйге әйел адамдарды жіберіп қойып, қарап отырмас еді. Сонда мұндай дүрбелеңге бармайтын едік. Менің Президенттен, Ішкі істер министрінен сұрайтыным, отбасыма тыныштық беруін және отбасымды Алматы қаласынан, Алматы облысынан аман-есен алып шығып кетуіме қолдау білдірсе.Мен қорқып-үркіп тұрғаным жоқ. Олар пышақпен келді, мен енді қалам, қағаз ұстап шықпаймын ғой ондайда. Олардан жалбарынып-жалынып сұрадым. Сол арада қолдарын еркекше беріп кетті. "Болды" деп. Артынан келіп істеп отырған тірліктері анау.
Мен, Шерзат, Нұрқанат қана болды бізден. Біз қан төксек, жарайды, айыптап, қараласаңыздар болады. "Қан төкті бұлар, қан ішер" деп. Мен қан төккенім жоқ, қан төкпеймін де.Талғар ауданындағы РОВД-ның, әкімдіктегі, аурухандағы былықтардың барлығын айтып қойдым. Енді сол үшін өлтіретін болсаңыздар өлтіріңдер, соттатсаңдар соттаңдар, атамын десеңдер атыңдар, бірақ отбасыма – ата-анам, іні-қарындастарыма тиіспеңдер. Менің көзім жеткені - Қазақстанда әділетті шешім шықпайды.
Тек бір ғана өтініш, Қазақ елінде ешқандай қантөгіс болмасын. Президент мырзадан отбасымды елден аман-есен алып шығуыма мүмкіндік берсе. Мұны бауырларым, ата-анам көрмесін. Ал өзіме не істеймін десеңдер, істей беріңдер. Соңына дейін барамын, заңгерлеріме сенемін. Өйткені анам-әкем деп жылау бір бөлек, ботам деп жылау мүлде басқа әлем. Бір де бір қазақтың қаны ақпасын деп, сабырға келіп, байыппен бәрін ақылға келтіріп отырмын. Айтатыным осы",-деді Тик-Ток желісінде соңғы шыққан үндеуінде марқұм Шерзаттың әкесі.