“Ашқарынға энергетик сусын іштім”: Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдығуының бірден-бір себебін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қазан, 2024
- 631
Актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдығу себебін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Динара Сәтжанға берген сұқбатында әңгімеледі. Айтуынша, ол уақытында денсаулығына мән бермеген.
“Жыл сайын бір рет чекаптан өтіп тұру керек. Қазір түрлі жарнамалары шығып жатыр, мен соған кеңес берер едім. Қолыңызда ақшаңыз болса, бірден чекап жасатып алыңыз. Ертең не ішемін, қалай күн көремін деп ойламай-ақ қойыңыз. Әрі кетсе 1000 доллар жұмсайсыз. Сол кезде бір сырқатыңыз дер кезінде анықталады. Ол тек қатерлі ісікке қатысты емес. Мүмкін терапиялық ем қолданып, енді ғана білініп келе жатқан сырқаттың алдын алуыңыз мүмкін. Мен чекаптан өтпедім. Сол баяғы қазақшылыққа салынып, "Ой маған не үшін, еш жерім ауырмайды" дедім. Кейін денсаулығыма салғырт қарағаным үшін, қатты өкіндім”, – дейді актер.
Актер спортпен айналысып, тамақ жақсы жегенімен біраз уақыттан бері салмақ қоса алмаған.
“6 жылдан бері ашығу режимін ұстаймын. Спортпен шұғылданамын. Бірақ салмағым сол күйі тұрды. Әйелім байқап, дабыл қақты. Егер асқазаныңызда ешқандай мәселе болмаса, жиі ашығып тұрған дұрыс. Одан қорқудың қажеті жоқ. Одан кейін алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім. Сосын қантсыз коланы таңертеңнен кешке дейін ішіп жүрдім. Осылар менің тәбетімді тежейді деп ойладым. Өйткені қанша тамақ ішіп, спортпен айналыссам да, салмақ қоспадым. Менің диагнозымның ең бірінші белгісі – салмақ жинай алмай қалу екен. Бірақ сусындар менің денсаулығыма зиянын тигізді. Қатерлі ісікке шалдығуымның бірден бір себебі де осы зиянды сусындар болуы мүмкін”, – деді ол.
Осыған дейін Мұрат Бисембиннің қатерлі ісікке шалдыққаны жайлы жазған едік.
Актерға көмек көрсетем дегендер + 77022221170 (Мурат Б) Каспий банк нөмірі арқылы ақша аудара алады.