«Үстіне секірген»: Теміртауда 6 адам бір жігітті 3000 теңге үшін соққыға жықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 қазан, 2024
- 1.0k
Теміртау қаласында алты адам бір жігітті соққыға жыққан. Салдарынан мұрны сынып, бас миы шайқалған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде жариялады.
«Кеше сағат 21:30-да інімді алты адам аяусыз соққыға жықты. Белгісіз адамдар оның үстіне секіріп, алтауы бірге бір адамды ұрды. Мұрнын сындырып, құлағынан қан аққан, бас миы шайқалып, саусағы мен тісі сынған. Олардың мақсаты — інімді тонау болды. Небәрі 3 мың теңге үшін осындай қатігездік жасады. Осы жағдаймен бөліскім келді, балаларыңызға қараңыздар», — деді жәбірленушінің әпкесі.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер күдіктілерді анықтап жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Толығырақ ақпарат қосымша беріледі», - делірнген хабарламада.