«42 әріпті танымайды»: Роза Әлқожа 15 жасқа толған ұлы туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 қазан, 2024
- 267
Танымал әнші Роза Әлқожа желіде ұлын туған күнімен құттықтап, оған қатысты ешкім білмейтін сырымен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, кішкентайынан тұйық болып өскен ұлын мектептегі мұғалімдер ақыл-есі кем санап, арнайы мекемеге апаруға кеңес берген екен.
"Сары күзде сары алтынның туған күні! Кеше ғана бөпе болып, еркелеп жүрген жігіт бүгін 15 жасқа толды! Үлкен жігіт болды! Анасы ылғи алыста, бір жерде жүргендіктен кішкентай кезінде тұйық болып өсті. Оқуда үлгерімі ойландырды. Бұл жағынан бізге Астана, 56-лицей, Эльмира Қабышқызы көп көмектесті. Осында бір мұғалім "балаңыз 42 әріпті танымайды, ақыл-есі кем балалардың мектебіне ауыстырыңыз" деген. Бір-ақ күнде көшіп кеткенбіз. Эльмира апайы екі-ақ күнде түгел әріп танытты. Екі жылда төртпен оқитын оқушыға айналды. Астанадан қимай қайтқанымыз да содан. Қазір бұл жігіт бірінші сыныпта шығып кеткен мектебінде, 9-сыныпта оқиды. Күмәнданғандар, кекеткендер айта берсін, бұл жігіт әлі әлемді мойындатады! Мен құлыныма сенемін! Ақылына, пайымына сенемін! Жабы көрініп, тұлпар шығатын жүйріктер болушы еді ғой?! Бұл соның өзі! Жасың құтты болсын! Ғұмырың ұзақ болып, бақытты жан бол", - деп жазды Роза Әлқожа Instagram-дағы парақшасында.