"Атайын десең, аң емес, сояйын десең, мал емес": Дәулет Мұқаев квадроберлер туралы мәселе көтерді
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 қараша, 2024
- 186
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қазір қоғамда көбейіп бара жатқан квадроберлар туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Алыстан ойламаған, жақыннан уайым табады» дейді дана халқымыз. Дәл бүгінгі сауалым алыстан басталып, күн сайын жақындап келе жатқан квадробер атауымен белең алып жатқан субмәдениет жайлы болмақ, – деді депутат
Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды.
Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Мәшһүрше айтқанда «Атайын десең - аң емес, сояйын десең - мал еместің» дәл өзі. Олар тек сыртқы кейіп өзгертіп қана қоймай, иттерге тән әркеттер жасап адамдарға шабуылдау яғни, тырнау, тістеу фактілері де кездескен. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?! Әлеуметтік желідерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсері тигізіп, шектен шығып барады, – деді Дәулет Мұқаев.
Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда.
Ең қорқыныштысы балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселеленің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процессі алға шықты. Әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда. Балалардың бұл дүниеге қызығушылығына байқағанда, ата-аналарға ат үсті қарамай дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Біз болып, сіз болып бұл мәселеге әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауымыз қажет.
Депутаттың сөзінше, бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, Өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған.
Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Біздің елде де құзырды органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын-алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауға тиіс, – деді депутат.
Ұқсас жаңалықтар
«Моншаға кіргізіп алып ұрады»: Алматы қаласында сарбаз жындыханаға жатқызылды
- авторТомирис Тоныкөк
- 9 желтоқсан, 2024
Алматыда жолаушы автобус жүргізушісіне шабуыл жасады (ВИДЕО)
- авторТомирис Тоныкөк
- 9 желтоқсан, 2024