Өмір бойы мұғалім болған: анасын ұрып өлтірген 59 жастағы ер адамға қатысты сот басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 қараша, 2024
- 486
Анасын ұрып өлтірген 59 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Stan.kz порталы сот отырысынан материал жинап қайтты. Қаза тапқан Любовь Бондарь Тайынша ауданындағы мектепте өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Ивановна талай дарынды шәкірт тәрбиелеген екен. Жар дегенде жалғыз баласы Юрий үшін ештеңені аямаған. Оны сот отырысына қатысқан марқұмның бұрынғы әріптесі айтты.
"Любовь Ивановна менен бірнеше жасқа үлкен болса да, құрбылар сияқты сырласатынбыз. Ал соңғы кездері тіптен жақсы араластық. Ол маған үй ішінде не болып жатқанын айтпайтын. Бірақ мен Юрийдің жұмыс істемейтінін және соңғы кездері ішімдікке әуес болып жүргенін білетінмін. Ақшаны үнемі анасынан алатын. Ұлы оны ұрады дегенді естігенде сенбегенмін. Алғаш рет былтыр қыркүйек айында ол анасын өлімші етіп сабап тастағанда ғана көзім жетті. Бірақ ол бауыр еті баласын кешірді. Кейін дәл осындай жағдай жыл басында, нақтырақ айтсам, ақпан айында қайталанды. Сол кезде Юрий оны ұрып, алдыңғы тістерін сындырып тастаған", –деп еске алады Зоя Подсухина.
Биыл шілде айында Юрий анасын тағы ұрып, қария біраз уақыт ауруханада жатқан. Сол кезде оның үстінен Қылмыстық кодекстің 108 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Алайда іс сотқа дейін жетпеген. Өйткені, Любовь Бондарь баласын кешіріп, арызын қайтарып алған. Ал ауруханадан шыққан соң оны Зоя Подсухина үйіне алып кеткен.
"Ол менің үйімде бір жұма жатты. Денесінің барлық жері көгерген. Қарт адам ғой, жаралары ұзақ уақыт жазылмады. Сол кезде полицейлер Юрийге анасына жақындауға тыйым салған еді. Бірақ баласы бір күні менің үйіме келді. Анасы байғұс одан қорқып, тығылып қалды. Бірақ қанша жерден жаман болса да баласы ғой, сондықтан Любовь Ивановна алаңдайтын", – деп толықтырды куәгер.
Осы оқиғадан кейін ана мен бала екі бөлек тұрса да, Любовь Бондарьдың денесі баласы тұрып жатқан үйден табылған. Сол күні, яғни тамыздың 9-ы қария 82 жасқа толған екен.
"Мен біз жұмыс істеген мектепте ардагерлер ұйымын басқарамын. Сол күні барлығы WhatsApp мессенджерінде Любовь Ивановнаны құттықтап жатты. Бір кезде маған ол кісі қайтыс болды деген қаралы хабар келді. Мен сенбедім. Сосын учаскелік инспекторға хабарластым", – деді Зоя Подсухина.
Сағат таңғы ондар шамасында хабар алған учаскелік инспектор Юрий Бондарьдың үйіне барған.
"Жолда Юрий Бондарьдың қызы Валентинаны кездестірдік. Ол да сол жерге бара жатыр екен. Үйге кіріп, төсекте жатқан Любовь Ивановнаны көрдік. Беті ісіп кеткен. Желке тұсында қан ұйып қалған. Сосын бұл туралы тергеушілерге хабарладым", – деді учаскелік инспектор Ерлан Исмаилов.
Үйде Юрий Бондарь да болған. Куәгерлердің айтуынша, ол сол күні ішімдік ішпеген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы оның қылмыс жасаған уақытта ақыл-есі дұрыс екенін көрсетті. Бірақ сот отырысы барысында айыпталушының қорғаушысы оның психикалық ауытқуы бар екенін дәлелдемек болды. Тіпті, келесі процеске арнайы мамандарды шақыруды талап етті. Алайда судья оның бұл арызын қанағаттандырмады.
Ұқсас жаңалықтар
«Моншаға кіргізіп алып ұрады»: Алматы қаласында сарбаз жындыханаға жатқызылды
- авторТомирис Тоныкөк
- 9 желтоқсан, 2024
Алматыда жолаушы автобус жүргізушісіне шабуыл жасады (ВИДЕО)
- авторТомирис Тоныкөк
- 9 желтоқсан, 2024