Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат бар»: Жаркенттегі офицердің өліміне қатысты 4 адам қамауға алынды

«Аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат бар»: Жаркенттегі офицердің өліміне қатысты 4 адам қамауға алынды
Сурет: Дархан Дәулеттің жеке мұрағатынан
Бұған дейін құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі офицердің диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде алған жарақатынан қайтыс болғанын хабарлаған еді

Жаркенттегі офицердің өліміне қатысты төрт адам қамауға алынды. Бұл туралы құрлық әскері қолбасшысының орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

14 қараша күні Жетісу облысындағы 74261 әскери бөлімінде капитан Дархан Дәулеттің мәйіті табылғаны жөнінде хабарлаған едік. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, 13 қараша күні түнгі кезекшілікке кеткен ол түнгі бір шамасында көз жұмған. Ал әскерилер офицердің өлімі туралы туыстарына таңғы сағат 7-де хабарлаған. Марқұмды жуындырған ағасы оның қатты соққыға жығылғанын, қолдары мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтады. 

“Істі тергеп жатқан құзырлы органдардан ең бірінші талап ететініміз – әділдік. Бауырымның, Дарханның өліміне қатысы бар адамдар заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеуге жоғары шенді генералдар мен депутаттар қатысты. Олар кешірім сұрады. Генерал бұл істі әділ тергеп, оған қатысы барларды жазалайтынына уәде берді. Бірақ қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын білмейміз", – дейді марқұмның бауыры Ермек Мұсаұлы Kazinform басылымына берген сұхбатында. 

Бұған дейін құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі офицердің диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде алған жарақатынан қайтыс болғанын хабарлаған еді. Бірақ марқұмның жақындары оның жаттығу кезінде қайтыс болғанына сенбейді.

“Оқиға дерегі бойынша қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери бөлімге комиссия жіберілді. Іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. 4 күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл күні жеке жоспар бойынша жаттығулар болғанын растаймын. Бауырымызды ақтық сапарға шығарып салдық. Ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаныс министрі мен барлық құрлық әскерлерінің атынан көңіл айтамыз", – деді құрлық әскері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Ақышев.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар