Өлтіріп, мәйітін өзенге тастаған: Атырауда бойжеткеннің денесін іздеу тоқтатылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 желтоқсан, 2024
- 124
Осы жылдың 22 қазанынан бастап мәйітін өзенге лақтырып жіберген Яна Легкодомованы іздеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, күннің суыта бастағанына орай іздеу жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
«Іздеу жұмыстарына 20-дан астам қызметкер, 5 техника бірлігі, 7 су көлігі және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Іздеу операциясы аясында жағалау мұқият қаралып, Жайық өзенінің түбін сүзу әдісімен 4500 шаршы метрден астам аумақ тексерілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері Полиция департаменті көрсеткен орыннан бастап ағыс бойымен 30 шақырым қашықтықтағы акваторияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, түбін егжей-тегжейлі зерттеу үшін құтқарушылар сүңгуір-құтқару жұмыстарын жүргізіп, эхолот қолданылды. Бұдан бөлек, іздеу жұмыстарына қызметтік иттер мен кинологиялық топ қатысты. Параллельді түрде іздеуге Полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер де тартылды», - делінген хабарламада.
Іздеу жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан нәтиже болмаған 2024 жылы 4 желтоқсаннан бастап іздеу жұмыстары тоқтатылды.
Еске салсақ, бұған дейін 23 жастағы Яна Легкодомованың 18 қазан күні жоғалып кетіп, артынан қаза тапқанын жазған едік. 23 қазанда оның өліміне кінәлі делінген 24 және 25 жастағы екі ер адам ұсталды. Полицияның хабарлауынша, қызды өлтіріп, мәйітін Орал өзеніне лақтырып кеткен.