Сарыағашта мал бордақылау алаңы мен көлік-логистикалық орталығының жұмыстары қолға алынды
- автор kyn.kz
- 4 желтоқсан, 2024
- 71
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Ауданда ірі малды бордақылау алаңы мен мал сою бекетін ашу жұмысы қолға алынған. Ол сарыағаштық кәсіпкердің жеке қаржаты есебінен жүзеге асырылады. Кооператив жылына 15 000 бас уақ мал бордақылауды көздеуде. Мал бордақылау алаңы 6 гектарды құраса, жоба құны – 1 млрд. теңге. Мұнда 25 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты жұмыс істейді.
Аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы ретте, аудан басшысы Арман Абудллаев мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп жатқанын айтып, мемлекеттік қолдауларға тоқталды. Сондай-ақ шаруаның жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң «Бес қара» ЖШС-нің ІҚМ және уақ мал сою бекетіне барды. Бұл бекет тәулігіне 128 ірі қара мал және 600 бас уақ мал союға қауқарлы. Жоба құны 1,2 млрд теңгені құрайтын мал сою бекеті 1 га аймақты алып жатыр. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 40-қа жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Өңір басшысы сапар соңында «Бес қара» ЖШС-нің көлік-логистикалық орталығында болып, құрылыс барысын көрді. Бұл орталық тәулігіне 300 жүк көлігін қабылдауды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайтын орталық 5 гектарға орналасқан. 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.
Облыс әкімі жобаның ауқымдылығын жоғары бағалап, ауданның ғана емес, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер ықпалына тоқталды. Жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі аудандағы «Сұңқар» ЖШС-нің зауытың да жұмысымен танысты. Өндіріс орны 2022 жылы құрылған, жоба құны – 700 млн теңге. Шарап өндірумен айналысатын кәсіпорында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпкермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.