«Ми "шіриді"»: нейробиолог адамдарға телефонның қалай әсер ететінін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 желтоқсан, 2024
- 1.3k

Бірнеше апта бұрын Оксфорд университеті жыл сөзі ретінде brain rot (ми шірігі) тіркесін жариялады. Бұл сөз тіркесі көп адамды ойландырды. Десе де америкалық нейробиолог Fox News телеарнасында бұл жұмбақтың шешімін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Московский комсомолец" басылымына сілтеме жасап.
Нейробиолог миымызда хабенула деп аталатын шағын, бірақ маңызды аймақ барын айтады. Бұл бөлік шешім қабылдау және мотивация сияқты маңызды дүниелерге жауап береді. Тіпті ол мотивацияны қосып, өшіре алады екен. Хабенула әлеуметтік желілердегі негативтен шаршап, құтылғыңыз келген уақытта іске қосылады. Алайда, адамның бұл күйден шығуы қиын. Өйткені хабенула мотивацияны өшіріп тастайтын көрінеді.
Әлеуметтік желідегі видеодан бас ала алмай отырғандағы күйге хабенула жауап береді. Адам пайдалы іспен айналысу керегін біледі, бірақ одан бас тарта алмайды. Салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлайды. Адам зейінін де, өмір сүруге деген құлшынысын да жоғалтады. Осылайша ми "шіриді".