Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“Нұрқанатты өлтіріп кетеміз. Келесі кезекте Нұрқанат тұр”: марқұм Шерзат Полаттың әпкесі бар шындықты айтты (ВИДЕО)

“Нұрқанатты өлтіріп кетеміз. Келесі кезекте Нұрқанат тұр”: марқұм Шерзат Полаттың әпкесі бар шындықты айтты (ВИДЕО)
Сурет: Видеодан скриншот
Бауырымның денесін бір сағат құшақтап отырдым

Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасына қатысты кейбір мәліметтерді айтты. Бұл туралы ол Qazaq AIRAN YouTube-арнасына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Перизат Нұрымованың айтуынша, 10 желтоқсан күні ағасы Қаржаубай телеарна мен әкімдердің келуін талап еткен.

“Қаржаубайды Қонаевқа ауыстырды. Адвокаттар жұмыс істеп жатыр. Салтанатқа 20 айлық есеп көрсеткіш айыппұл салынды. Ол Қаржаубайды қорғап шыққан болатын. Жаман нәрсе істесін деп шыққан жоқпыз. Біздің талабымыз телеарналар мен әкімдер келсін дедік. Халық жиналып митинг ұйымдастырсын, қантөгіс болсын, деп те айтқан жоқпыз. Тек 1 сағат берсін, сол адамдар келіп үлгерсе екен деген ниет болды. Бірінші арнайы жедел әрекет ету жасағы келді, олар ешнәрсе істеген жоқ. Полиция қызметкерлері де машинаны қоршап тұрды. Үшінші әскери киіммен адамдар келіп, Қаржаубай мен сіңлім Салтанатты түсіргісі келді. Сол кезде жолдасым оларға зияны тиіп кетпесін деп көлікке мініп, Салтанатты құшақтап тыныштандырып жатқан болатын. Сол кезде Айғазы (күйеуі) әскерилерге «Жігіттер тоқтаңдар, өзім тыныштандырамын. Алып түсемін» деген болатын. Видеодан көрінеді. Сөйтіп тұрғанда оны да ұрып-соғып, көлікке салып алып кетті. Жай ғана басып алып кеткен жоқ, көліктен сүйреп түсіріп, ұрып соққан. Есінен танып, қайта оянған кезде баскиімін бетіне дейін тартып, ары қарай басынан төмпештеп ұра берген. Кімнің ұрғанын көре алмаған. Басынан қатты соққы алған. Артынан барып, күйеуімді көруге рұқсат алдым. Қарасам, мұрны қанаған, неге бұлай болғанын түсінген жоқпын“, – дейді Нұрымова. 

Бұдан басқа Перизат Нұрымова інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтты. Өйткені ол балалы болу үшін ем алып жүрген екен.

“Қол салды деп айтып жатыр. Мен оған сенбеймін. Оның үйленгеніне бір жыл болған. Әйелі екеуі балалы болу үшін ем қабылдап жүрген болатын. Өзіне қол жұмсағысы келген адам балалы болайын деп ойламайтын еді. Ол соңғы екі аптада ем-шара алып жүрген. Оны асылып қалды, өлтіріп кетті десем де оны қайдан білеміз? Бір Алла біледі», - дейді Қаржаубаайдың қарындасы.

Перизат қайғылы оқиға болған түні белгісіз дүниелердің орын алғанын айтады.

«Сол күні Нұрқанатты ұзақ іздедік. Түнгі 23:30-дан бастап жолдасым екеуіміз Шерзаттың бейітіне 4-5 рет бардық. Өйткені шерзатты ойлап, құшақтап мауқымын басқысы келген шығар деп ойладық. Бауыр жоғалту оңай нәрсе емес. Нұрқанатпен көп жүретін. Ол жақта оның көлігі де болған жоқ. Қаржаубай да іздеп шықты. Бір уақытта үйді күзетіп тұратын Дастан есімді жігіт жүгіріп келді де Қаржаубайдың өзіне сыбырлап бірдеңе айтты. Сосын ағам бірден көлігіне отырып, бейіт жаққа қарай барды. Бейітке 50-60 метрдей қалған жерде біздің машина жүре алмай қалды. Сол жерден Қаржаубай айтқан ақ KIA көлігі тура көз алдымызда өтті. Дастаннан «бұл кім», деп сұраған едік, “өзіміздің Ішкі істер департаментінің адамдары ғой” деп жауап берді. Біз жоғарыға көтеріліп жатқанда ақ көлік төменге қарай түсті. Олар қалай Нұрқанатты таппады. Сәйкестік болғанның өзінде олар неге көрмеді? Неге кетіп қалмай, бізге қосылып іздемеді, деген сұрақтар туындайды. Дастанның айтуынша, біздің адамдар деді. Біз бәрін полицияға айтып бердік”, – дейді Нұрымова. 

Перизат Нұрымова інісі Шерзаттың қазасынан соң түрлі қоқан-лоқы мен қорқытуға тап болғандарын айтты. 

“Шерзаттың жетісінде үйді өртеп кетті. Үйді өздерің өртедіңдер деді. Шерзат қайтыс болған күні мен үйде болмасам да күдікті деп суретімді де жариялаған. Шерзат қайтқан соң көптеген қоқан-лоқы болды. Бақытқа “Нұрқанатты өлтіріп кетеміз. Келесі кезекте Нұрқанат тұр” деген қорқыту болды. Бұны кім жазғанын білмейміз. Бастапқыда адвокат жалдауға ақша жинау үшін TikTok желісіне Бақыттың нөмірін шығарған едік. Содан кейін оның Whats’App-ына қорқытатын хабарлама келген. Ол хабарламаның скриншотын жасап, қорғаушыларымызға жібердік. Сол кезде есімде қалғаны “Келесі кезекте Нұрқанат” деген хабарлама болатын”, – дейді ол. 

Сондай-ақ, Перизат Нұрымова бұл қайғылы оқиға отбасының қабырғасын қайыстырғанын айтып, тек әділдікті қалайтындарын жеткізді. Сонымен қатар, қаза тапқан Нұрқанаттың қандай күйде болғанын айтты.

“Нұрқанат қайтқаннан кейін екі күн сөйлемей жүрдім. Менде сөйлейтін шамам болмады. Себебі шаршадым. Ертең не болады, келесі кім, деген сұрақтар мазалады. Бауырымның денесін бір сағат құшақтап отырдым. Жедел жәрдем келген жоқ. Полиция қызметкерлері де бір сағаттың арасында келді. Нұрқанатты асып кеткен кейіпте ғана тауып алдық. Ол асылып тұрған жоқ. Адам тіке асылып тұрса бір сәрі, ол тізерлеп, аяқтары бүгіліп тұрды. Адам бұлай асылып қалмайды. Асылса мойнында шеңбер сияқты із қалуы керек. Оның бір жағында ғана із бар. Оның жанында жара бар. Арқасында ісінген, көгерген жерлері бар”, – дейді Нұрымова. 

9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзат Полаттың ағасы  Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. 10 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымов журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталды. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар