«Бес шамасында тойдан шыққан»: Алматы облысында 56 жастағы әйелдің мәйіті табылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 желтоқсан, 2024
- 36
Алматы облысының Қызыл Қайрат ауылында табылған әйелдің мәйіті бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. 56 жастағы марқұм бесік тойға кетіп, сол күйі оралмаған. Оның денесі үйінен бір шақырым жердегі кірпіш зауытының маңында жатыпты. Әйелмен тойдан бірге шыққандар оны жолға дейін шығарып салғанын айтады. Бірақ көлікке отырған-отырмағанын ешкім білмейді. Сараптама марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ деген қорытынды жасаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Зиванзахан Супашева жексенбі күні күндіз үйінен тойға шығып кеткен. Сөйтіп сағат кешкі бес шамасында қонақтар тарқағанда үйіне бет алыпты.
«Сағат бес шамасында тойдан шыққан. Қасындағы сол тойдан шыққан кісілердің айтуынша, олар әпкемізді жолға дейін шығарып салған. Негізінде той болған кафе үйден аса алыс емес, ары кетсе, арасы 200 метр. Ал жолда таксиге отырған-отырмағанын ешкім білмейді. Денесі табылған жер осы үйден он минут жерде, кірпіш зауытының қасында», - дейді марқұмның жиені Бақтияр Мақсұтов.
Мәйітті осы маңда тұратын әйел бірінші көрген. Оның айтуынша, 56 жастағы Зиванзахан мына жерде жатқан. Ал қолындағы сөмкесі мен тойдан алған сарқыт салынған дорбасы төңіректе жатыпты. Куәгерлер мұнда ешқандай көлік доңғалақтарының ізі болмағанын айтады.
«Денесі суымаған, қатпаған. Қайтыс болған түнде адамды әкеліп тастаса, қатып қалу керек еді ғой. Көршім таңғы сегізде келе жатқанда оны көрмеген. Ештеңе болмады, ешқандай көліктің де ізі болмады дейді. Киімі бәрі әп-әйбат, андай-мұндай әйел емес», - дейді Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны Жаңыл Омарова.
Зиванзахан Супашевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Марқұм ұзақ жыл кондитер фабрикасында жұмыс істеген. Артында үш қызы бір ұлы қалды.
«Зиванзахан Супашевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Марқұм ұзақ жыл кондитер фабрикасында жұмыс істеген. Артында үш қызы бір ұлы қалды», - дейді марқұмның күйеу баласы Арман Әбдібеков.
Қара жамылған отбасы әйелдің ішімдік ішпейтінін, басында ешқандай дерті болмағанын айтады. Сондықтан марқұмды әлдебіреу өлтіріп кетуі мүмкін деген болжам жасайды. Бірақ полиция әйелдің денесіне зорлық-зомбылық белгілерін анықтамаған.
«Полиция қызметкерлері 56 жастағы әйелдің мәйітін табу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, денесінде зорлық-зомбылық ізі табылған жоқ», - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.
Марқұмның қазасына қатысты нақты бір дерек айту қиын. Туыстары жуырда шығатын екінші сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.