Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Марк Эли: Қазақстанға қызығушылығым Медеудің тарихынан басталды...

Марк Эли: Қазақстанға қызығушылығым Медеудің тарихынан басталды...
kyn.kz
Марк Эли, PhD, Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының (ҰҒЗО) аға ғылыми қызметкері, Ресей, Кавказ, Орталық Еуропа және Орталық Азияны зерттеу орталығы және жоғары әлеуметтік зерттеулер мектебі (Обервилье, Франция) директорының орынбасары, экологиялық тарих зерттеушілерінің университеттік желісінің (RUCHE, Франция), Еуропалық экологиялық тарих қоғамы (ESEH) және Мемориал - Франция басқармасының мүшесі (Париж, Франция).

Марк Эли мырза, сіз Қазақстан тарихын тереңдете зерттеуші француз ғалымының бірісіз. Бұл тақырыпты зерттеу қалай басталды?

Мен алғаш өзімнің ғылымдағы жолымды тарихшы ретінде Кеңестер Одағы тарихынан бастадым. Кандидаттық диссертациямның тақырыбы Сталиннен кейін ГУЛАГ-тан босатылған тұтқындар тағдыры туралы болды. Ғылыми зерттеуімнің басты объектісі жалпы  кеңестік бағытта болғанымен, негізінен Ресей мысалына (Новосибирск, Тверь қалалары) қарастырылды.

Қазақстанға деген алғашқы қызығушылығым Мәскеудегі Ғылым академиясының мұрағатынан Алматы қаласын селден қорғауға қатысты пікірталас туралы құжатты тапқан сәттен басталды. Сол бір «жылымық» жылдардың өзінде қоғамдық пікірталас еркін және азаматтар Медеу бөгетінің жобасы туралы өз ойын ашық айта алған екен. Сол құжатпен танысқаннан кейін бұлар кімдер, осы жобаға қатысты даудың негізгі тақырыбы қандай және селмен байланысты оқиға қалай өрбіді деген сұрақтар қатты қызықтырды. Сол қызығушылығымның арқасында алғаш рет 2010 жылы Алматыға келдім. Сол сапардан кейін Қазақстан туралы ғылыми зерттеулерімді бастадым.

Сіздің ойыңызша, Қазақстан тарихы Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда ерекшелігі бар ма?

Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан басынан өткерген трансформациялар Орталық Азияның басқа республикаларына қарағанда ауқымды және күрделі болды. Атап айтқанда бұл – қазақ көшпелілері мен жартылай көшпелілерінің жан түршігерлік ашаршылыққа ұшырауы және көші-қоны. Соның салдарынан қазақ халқының жартысы өз елінің аумағынан жойылып кетті және Қазақстанға жаппай, үздіксіз көшіп келушілер саны артты. Олардың басым бөлігі еріксіз қоныс аударушылар еді. Яғни, қоғам мен табиғатты өзгертудегі маңызы зор тәжірибелер – «Тың игеру» жорықтары (бірінші және екінші), Семей ядролық полигоны, жүздеген өнеркәсіптік және тау-кен нысандарының табылуы. Кеңестер Одағы құрамындағы басқа Орталық Азия республикаларына қарағанда Қазақстан тәуекел сынақтарға арналған ашық алаң ретінде қарастырылды.

Марк Эли мырза, елдің мәдени және саяси бірегейлігін түсіну үшін Қазақстан тарихындағы қандай маңызды сәттерді ең маңызды деп санайсыз?

Менің ойымша, егер 19-20 ғасырларды алатын болсақ, бүгінгі Қазақстанның қалыптасуына жоғарыда айтылған өзгерістердің ықпалы зор болды. Саяси бірегейлік туралы нақты сұраққа келер болсақ, ол кеңестік дәуірде, Қазақстанды тек шикізатты өндіру және оны трансформациялау тұрғысынан маңызды республика ретінде айқындаған кезде қалыптасты деп айта аламыз. 1991 жылы Қазақстан егемендік алғанына қарамастан, әлі күнге дейін  метрополияға тікелей тәуелді постколониал ел күйінде қалып отыр.

Қазақстан тарихын зерттеу үшін қандай негізгі дереккөздерді пайдаланасыз? Бұл көздерге қол жеткізу қаншалықты қиын?

Мен өзімнің ғылыми зерттеулерімді мұрағаттар мен кітапханалардағы құжаттар негізінде жазамын. Қазақстанда оларға қолжетімділік жақсы, десек те, қолжетімділігі шектеулі немесе оған кіру мүмкін емес негізгі мұрағаттық қорлар бар (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қоры, құқық қорғау органдарының қорлары). Кітапхана қоры бай болғанымен, 1990 жылдарда кеткен олқылықтар сол жылдардағы қазақ мерзімді баспасөзінің толық сақталмауы, кейбір бөлігі Ресей мұрағаттарында сақталған.

Қазақстанның тарихи жағдайын түсіну үшін қандай да бір арнайы әдіс-тәсілдерді қолданасыз ба?

Жоқ, мен басқа елдердің тарихнамасында қолданылатын  жалпы тарихи әдістермен жұмыс істеймін.

Қазақстан тарихын зерттеу барысында, әсіресе шетелдік зерттеуші ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Менде Қазақстандағы шетелдік зерттеуші ретінде кітапханалар мен мұрағаттардың оқу залдарында жұмыс істеуге құқығым бар. Алайда, Қазақстан солтүстік көршісі ұстанған мұрағаттарды шетелдіктерге жабу жолына түспейді деп сенемін.

Сіздің ойыңызша Қазақстанның қай тарихи кезеңдері көбірек назар аударуды қажет етеді және неге?

Қазақстан тарихының барлық кезеңдерін кәсіби тарихшылар дереккөздерге сүйене отырып зерттеуі керек. Жеке бөліп жарып қарастыратын маңызды кезең жоқ деп ойлаймын. Бірақ Қазақстан тарихында аз зерттелген және көбірек көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер бар. Кеңестік кезең соның қатарына кіреді.

Марк мырза, сіздің ойыңызша, Қазақстан жаһандану жағдайында өзінің мәдени мұрасын қалай сақтайды және әрі қарай жалғастыра алады?

Жаһандану әрбір мәдениетті фольклорға айналдыру қаупін тудыруда. Біз бұған қарсы тұрып, шынайы төл мәдениетті сақтауымыз керек. Қазақстанда бұл музыка мен тілді дамыту арқылы жақсы жүзеге асып келеді. Екінші жағынан алып қарағанда оны фольклорға айналдырмау үшін мәдениеттің өміршеңдігімен қатар, алуан түрлілік керек және эссенциализм мен қатып қалған бірегейлікті жоққа шығарудан бас тарту қажет. Әлемдік қауымдастық елдер мен халықтардың сан алуандығына қызығушылық танытуда. Сондықтан Қазақстанның түрлі этностар, мәдениеттер, т.б. отаны екенін көрсету маңызды. Бұл әртүрлі адамдардың танымал болған сонау кеңестік дәуірдегі ортақ қазандықтан басқа айтар жалпы тарихы бар ма? Бұл сұрақты ашық және шынайы қою керек. Елді не біріктіреді, не бөледі? Жалпы алғанда ұлтты бөлу жаман болғанымен оларды біріктіру жақсы ма? Әлде бұл тек айтуға ғана оңай ма? Осы секілді сұрақтар тарихта әлі де жауабы табылмаған мәселелер.

Сізді Қазақстанға қатысты қандай оқиғалар немесе танымал қайраткерлер ерекше қызықтырды? Неліктен?

Мен Қазақстандағы әртүрлі танымал қайраткерлерге қызығушылық таныттым. Олар аз емес! Менің алғашқы кейіпкерім Дінмұхамед Қонаев болды. Сонымен қатар, агроном - Александр Бараев, табиғат қорғаушы Алеусандр Берггрин, т.б. Мәселен, Вера Сидорова, агроном және депутат және т.б. Оқиғалар кезеңі бойынша - КСРО-ның тарауы (1991) және сталиндік кезеңнің аяқталуы (1953) дәуіріндегі тарихи кезеңді қызыға зерттеудемін.

Соңғы жылдары халықаралық академиялық ортада Қазақстанға деген көзқарас қалай өзгерді деп ойлайсыз?

Соңғы 3 жыл Қазақстан тарихшылары үшін маңызды жыл болды. Себебі, Украинадағы соғысқа байланысты тарихшылар Ресейдің мұрағатына қол жеткізе алмағанымен,  Қазақстанда жұмыс істей алады. Бұл тарихшыларға берілген жаңа мүмкіндік деп қабылдауға болады. Себебі, қазақстандық мұрағаттарда қазақ тарихының әлі де толық зерттелмеген қоры жетерлік.

Қазақстан туралы зерттеулеріңізді болашақта да жалғастыру жоспарыңызда бар ма?

Әрине, бұл менің негізгі зерттеу тақырыбымның бірі. Сондықтан, болашақта да зерттеудің құнды нәтижелері болады деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Ісіңізге сәттілік!

 

Сұхбаттасқан:

Қарлыға Нақысбекқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

қауымдастырылған профессоры

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар