179 адам қаза тапты: Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатының себебі айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 31 желтоқсан, 2024
- 2.8k
Оңтүстік Кореяның Муан қаласындағы әуежайда Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына не себеп болғаны белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі The New York Times (NYT) басылымына сілтеме жасап.
Ұшқыш топтасқан құстардың әуе кеңістігінде байқалғаны туралы хабарлаған. Осыдан екі минут өткеннен кейін диспетчерлік пунктке құспен соқтығысқанын және төтенше жағдай болғанын жеткізеді. Осы кезде ұшқыш бірінші қону әрекетінен бас тартып, екінші қонуға дайындалу үшін әуеде айналатынын мәлімдеген. Бірақ ол толық айналым жасамай, бір минуттан кейін ұшу-қону жолағына жақындай бастаған. Үш минут өткенде ұшақ бетон құрылысқа соқтығысып, жарылыс болған.
"Бұл жердегі сұрақ - неге ұшқыш қонуға асықты?" - дейді Корея авиациялық қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы Хван Хо Вон.
Шасси істен шыққанда ұшқыштар қонуға асықпай, отынды азайтып, жердегі персоналға төтенше жағдайға дайындалуға уақыт береді. Бірақ ұшқыш уақыт жетпейді деп ойлаған сияқты дейді ол.
Сарапшы асығыстықпен қонуға шешім қабылдаған адамның қателігі болды ма деген сұраққа жауап іздейді.
NYT жазуынша, рейс өз уақытынан жарты сағатқа кешігіп келген. Ал ұшқыштың ұшу тәжірибесі жеті мың сағатқа жуық болған. Корея ашық кибер университетінің қоғамдық қауіпсіздік профессоры Пэк Сын Чжу қозғалтқыштың істен шығуы шассидің жұмысына әсер етпейтінін, бірақ бұл жағдайда екеуінің де қатар істен шығуы ұшқышты фюзеляжға бірнеше минутта қонуға мәжбүр еткенін айтты.
Муан әуежайындағы ұшу-қону жолағының ұзындығы да трагедияның орын алуына себеп болған. Әдетте, ол 9,2 мың фут (2,8 шақырым) болатын, бірақ апат күні құрылыс жұмыстарына байланысты тек 8,2 мың фут (шамамен 2,5 шақырым) қолжетімді болған. Билік бұл қашықтық Boeing 737-800 ұшағының қонуына жеткілікті екенін жеткізгенімен, апатқа ұшыраған ұшақ ұшу-қону жолағынан асып қонғанын атап өтті.
Сарапшылар егер ұшу-қону жолағына бетон антенна локализаторы орнатылмаса немесе ол берік бекітілген болғанда жағдайдың алдын алуға болатынын айтады. Ұшақ құрылысқа соқтығысқаннан кейін жарылған.
Авиация қону кезінде ұшқыш қозғалтқыштар мен шасси жүйесін басқара алмағанын айтады.
Оңтүстік Корея университетінің авиациялық сарапшысы Хюнгвун Джей Ю. Юнгтың айтуынша, бір қозғалтқыш істен шыққан жағдайда да ұшқыш басқа қозғалтқыштың қуатымен гидравликалық сорғыны іске қосып, шассиді түсіре алады. Тіпті сарапшылардың пікірінше, екі қозғалтқыш бірдей істен шықса да, шассиді қолмен түсіруге болады. Бірақ қонуға асыққандықтан ұшқыштың бұған уақыты болмаған.
Алайда қандай да болжам жасау үшін қара жәшіктен кейін ғана анықталатынын айтады.
Ал Ұлыбританияның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Дэвид Лермонттың болжауынша, экипаж бен жолаушылардың өліміне ұшу-қону жолағының артындағы бетон құрылыспен соқтығыс себеп болған.
Айта кетсек, 29 желтоқсанға қараған түні Оңтүстік Кореяда 179 адамның өмірін қиған әуе апаты болды. Бангкоктан ұшып келген ұшақтың шассиі істен шыққан. Ол фюзеляжына қонып, ұшу-қону жолағынан сырғанап бетон құрылысына соқтығысқан. Кейіннен жарылып, өртеніп кеткен. Ұшақ бортында 181 адам болған, олардың тек екі экипаж мүшесі аман қалды.