Семейде шырша безендіру кезінде құлаған мұғалімге өтемақы берілмеуі мүмкін
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 қаңтар, 2025
- 96
Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккен еді. Оған өтемақы беріле ме, жоқ па деген сұраққа үкіметте бүгін премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Вице-премьердің айтуынша, мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, жұмыс уақытында тартылған болса, бұл жағдай өндірістік жарақат деп танылады. Ал құжат арқылы дәлелдеу мүмкін болмаса, ондай статус берілмейді, өтемақы төленбейді.
«Бұл заңның талабы. Ешбір келісімшартсыз жұмысқа тартылған болса, жұмысқа жеккен адамдар заңды бұзғаны үшін жазаланады», - деді Тамара Дүйсенова.
Ал оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан журналистер мұғалімдерді ерікті ретінде жұмысқа тарту қаншалықты заңды екенін сұраған.
«Еріктілер туралы айтсақ, ол заң біздің министрліктің құзыретінде емес. Бірақ қажетті ұсыныс қажет болатын болса, міндетті түрде көтереміз. Құзыретті орган әрі қарай өзі қарайды. Нақты біздің министрлік ондай ұсыныс енгізуді жоспарлап отырған жоқ.
Педагог мәртебесі туралы заң мұғалімді басы артық жұмысқа тартудан толыққанды қорғай алады. Жалпы 2019 жылы қабылданған заңның шеңберінде жалпы мұғалімдерді қандай да бір өзінің мамандығына сәйкес емес жұмыстарға тартуға болмайды. Бұл заңның жергілікті орындарда қаншалықты орындалып жатқаны екінші бір мәселе. Мен тапсырма бердім. Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жергілікті департаменттеріміз бар. Солар түгелде мониторинг жүргізіп жатыр. Аудандарда, әсіресе, алыс ауылдарда мұғалімдердің құқығы қаншалықты сақталып жатқанын тексереді», - деді министр.
Министр мұғалімнің жағдайы бақылауда екенін айтады. Оның сөзінше, ол қазір оңалту шарасынан өтіп жатыр.
шыр