«Жараспайтын қылықтары болды»: 9 жасар қыздың бойынан жын шығарғанын айтқан атыраулық емшінің мешітте күзетші болып істегені белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 9 қаңтар, 2025
- 14
Дәл осы видеодағы бес жасар қыздың ішінен жын шығарамын деген емшінің әрекетін қазір полиция тексеріп жатыр. Өңірлік омбудсменнің пікірінше де бүлдіршіннің қолын байлап, қылқындыру, ол аздай бейнежазбаны желіге тарату дұрыс емес. Ал, қыздың анасы амалдың жоқтығынан емшінің көмегіне жүгінген екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.
Атыраулық емшінің бүлдіршіннің бойынан жын шығарған сәті көпшіліктің ашуын туғызды. Желіге таралған бейнежазбада ол екі қолы байланған 5 жасар қыздың тамағын ұстап, сұрақтарын жаудырады. Кішкентай қыз жауап беріп жатыр. Ал Кейқуат Оспанов қиналып келген балаға сүремді оқып, керісінше анасының алғысын алдым деп отыр. Шипа таба алмай сабылатын жандарға көмек көрсету менің күнделікті жұмысым дейді.
«Ол қыздың жасы бесте Ляззатқа кіріп кеткен. Неге десең, үлкен кісі құсап сөйлейтін болған. Болмысы бір түрлі, бірақ жаман қасиеті ол кіргеннен кейін адамның мүшесін бүлдіреді. Қуығы ұстамай, кез келген уақытта жібере берген. Бармаған жері жоқ анасы, баспаған тауы жоқ. Дәрігерлер де түк істей алмаған. Сосын анасы маған әкелді. Мен Алланың қалауымен он-ақ минутта оқып, шығарып бердім», - дейді Кейқуат ОСПАНОВ.
Кезінде молда болғанмын, арнайы лицензиям бар деген азамат халықтың шақыртуымен қала аралайтынын айтады. Жын кірген қызға Алматыға келгенде ем жасаған. Ал, баланың анасы сұхбат беруден бас тартты. Келіншек тек бейне үндеу жолдап, емшіге ешқандай арыз-шағымым жоқ деп отыр. Айтуынша, қызы қатарластарымен ойнамай, өзін ересек адам сияқты ұстайтын болған. Оғаш қылықтар көрсеткен. Содан секем алған әйел молда-бақсыларды іздепті.
«Қызымның жасы 5 -те. Өзім алып бардым. Инстаграмнан көріп қалдым. Халық емшісін іздедім. Жараспайтын қылықтары болды. Уайымдап қызымды апарып, жақсылап қарайту үшін ниеттеніп бардым. Зорлық-зомбылық көрсетпей кәдімгідей көз алдымда қарап берді. Сүре оқып, қызым өте жақсы болды», - дейді қыздың анасы.
Ал Атырау облысының бас имамы жарнамасы жер жарып тұрған емші мешітте күзетші болып жұмыс істеген деп отыр. Мүфтият өкілі азаматтар ерікті түрде ешмшіге барып, сауығып жатса оның ешқандай әбестігі жоқ дейді.
«Жақсарып жатса, дінге қайшылығы жоқ. Құран оқып, дем салса әбестік жоқ. Жын шығаратын арнайы қызметкер мешіттерде жоқ. Оны арнайы шығаратын халықпен қарым-қатынасы бар айналысатын бөлмелер де жоқ. Сондықтан бұл мәселені біздер негізі міндет ретінде қарастырмайтынымызды жеткізгіміз келеді», - деді Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ.
Ал өңірлік омбудсме́н Айжан Сәрсембаеваның пікірі мүлдем басқа. Ол жын шығару рәсімін құптамайды. Және емшінің қызды әлеуметтік желіге салып, таратуы оның болашағына балта шабумен тең деп отыр.
«Дұрыс емес деп санаймын, бала тек қана өзінің жас ерекшелігіне сай ойыншықпен ойнамай үй жина деген үшін деп, анасының айтуынша, солай тарады ғой. Теріс қате деп ойлаймын. Баланың алға қарай, өзінің өсуіне психологиясына өте әсер етеді. Емшінің де желіге таратуы дұрыс емес. Себебі, ол біреудің баласы. Заңды өкілі бар. Қазір полиция бұл оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр», - деді Атырау облысы бойынша бала құқығы жөніндегі уәкілі Айжан Сәрсембаева.