«Сегіз жыл бала тұрмады»: Қарақат Әбілдина ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 қаңтар, 2025
- 239
Танымал әнші Қарақат Әбілдина әлі күнге дейін айтпаған сырымен бөлісті. Ол Мекке қаласына аттанып, қажылығын өтеп келді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өнер иесі тұңғыш ұлынан кейін сегіз жыл бала көтере алмаған.
“2007 жылы қасиетті жерге алғаш келген едік. Екінші ұлым, Имашыма 3 айлық аяғым ауыр болатын. Тұңғышымыздан кейін сегіз жыл бала тұрмады. Сол жылы Бекболатымыз бір қауіптен аман қалып, әкемнен айырылып жан дүнием боп-бос, әбіржіген кезімде ұлық Алла өзі шақырғандай жолымыз түседі. Алғаш Әл-Харамға қадам басып, қағбаны көзіммен көрген кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкем тіріліп келетіндей еңіреп тұрып езілгенім әлі есімде. Бұл қасиетті жерде көзіңе жас алмау тіпті де мүмкін емес сияқты. Жүрек көзің ашылатыны сондай, өзіңнің шынайы табиғатыңды, қайдан келіп, қайда баратыныңды терең сезінесің. Күнделікті тірлікте тағып жүрген түрлі маскаларың шешіледі. Қысқасы, өз пенделік ақиқатыңды білесің”, – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Айтуынша, 16 жылдан соң ғана бала-шағасымен Меккеге кіші қажылыққа келіпті.
“Міне, Алланың қалауымен 16 жылдан кейін бала-шағамызбен келіп, кіші қажылықты өтеу бұйырды. Шүкір. Кенжетайымыздан басқаларын түгел ерте келдік. Ес білген шақтарында көзбен көріп, жүрекпен сезінсін дедік. Енді үлкен қажылықты өтеу нәсіп етсін деп тіледім. 2025 жылдың басы қасиетті жерден бастау алып, жаңарып, тазарып , рухани азық алып жақсы болып қалдық. Алла қабыл еткендерден болайық!”, – деді әнші.