«Жүрегім жараланса Нұр ағам ойға оралады»: Нұрғали Нүсіпжанов Тілендиевті есіне алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 қаңтар, 2025
- 711
87 жастағы Нұрғали Нүсіпжанов әйгілі композитор, домбырашы Нұрғиса Тілендиев туралы ерекше естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Нұрғали Нүсіпжанов өнердегі ағасы Тілендиевпен 51 жыл бірге жүрген. Дос, сапарлас, тіпті бірге туған бауырлардай болған екен.
«Нұр Аға — менің мәңгілік сағыныш, мұңыма айналған алтын жүректі асылдардың ішіндегі айрықша асыл адам. Аяулы ағаммен 51 жыл сырлас болдым, 51 жыл мұңдас болдым, 51 жыл сапарлас болдым. Достығымыз бір туған бауырлыққа ұласқан бақытты ұрпақтармыз. Жарықтық менің кір жуып-кіндік кескен Алтын Емелімді мысыр шаһарынан артық көретін. Анамның ақ дастарханынан талай дәм татып, ауылыма барып аунап-қунап та қайтатынбыз. Тумаса да туған ағатайымдай қорған болды, мейіріне бөледі, қамқорлығын да аямады. Мені еркелетіп: «Нұрғаш» деуші еді. Бірер күн көрмей қалса: «Аңсатып, сағындырып қайда жүрсің, тез жет», — деп қоңырау соғатын.
Әнші көңілі жабырқаған сәтте Нұрғиса Тілендиевті есіне алатынын және ол кісінің сөзін ешбір атақ-даңққа айырбастай алмайтынын жеткізді.
«Нұр аға да, мен де бір-бір қара шаңырақтың жалғыз, жарым қара сирақ балаларымыз ғой. «Адалым-ау, жалғызым-ау» деп аға егілгенде, іштей мен де езілетінмін. Жалғыздың жалқы көңілін асылы жалғыз ғана айтқызбай ұға алса керек-ті, ұғына алса керек-ті… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, бұл күнде жүрегім жараланса,жаным жадап-жүдесе, Нұр ағам ойға оралады. Жанарыма ыстық жас үйіріледі… «Қалай болғанда да, Нұрғиса Тілендиевтің: «Адалым-ау, жалғызым-ау» деген екі ауыз сөзін мен ешбір атақ-даңққа айырбастай алмайтынымды анық білем. Сөз басында айтқанымдай, Нұр ағаңды алтынға балаймын. Мен мүмкін сол алтынның жәй ғана сынығымын. Нұр Ағам тау болғанда, бәлкім сол таудың бір етегімін. Ота алдында ардақты Ағама құрмет сезіммен есеп беруді інілік ізетім деп ілтипат таныттым», — деп жазды ол.