«Бес минут жеткілікті» Сенат депутаты көлікті артық қыздырғандарға айыппұл салуды айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 қаңтар, 2025
- 196
Экология министрін Сенат депутаты Марат Қожаев та қолдап отыр. Сенатор көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу қажет деп есептейді. Бұған дейін ішкі істер саласында қызмет атқарған ол, заң атмосфераға зиянды қалдық шығаруды азайту үшін жасалған дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Көлік жүріп бара жатқанда тезірек қызады және де ауаға оксид пен қорғасын сияқты, сіз бен біз жұтатын зиянды қалдықты аз бөледі. Оның үстіне қазір жыл сайын көліктердің техникалық жағдайы өзгеріп келеді. Заманауи көліктер арнайы құрылғымен жабдықталған, кептеліс кезінде, бағдаршамда тежегішті бассаңыз, көлік қозғалтқышы сөнеді», - деді Сенат депутаты Марат Қожаев.
Сенатор өзі немесе маңайындағылар мінетін қымбат көліктерді меңзеген сыңайлы. Әйтпесе, бағдаршамға тоқтағанда сөнетін мотор қатардағы машиналардың бірінде жоқ. Көбі — техникалық жағдайы нашар, көк түтіні будақтаған ескі көліктер. Сенатор мұндай пайдалану мерзімі аяқталып, талапқа сай жаңа көлік алғанша, ескісін мінгендер әзірге айыппұл төлеп жүре тұрсын деген пікірде. Сондықтан көлікті бес минуттан артық қыздыру нормасын өзгертпеу керек деп есептейді. Бес минуттың көлікті қыздыруға жеткілікті екенін экология министрі де дәлдеуге тырысқан.
Әлеуметтік желіге салған видеосында Ерлан Нысанбаев Hyundai маркалы көлігін бес минутта 50 градусқа дейін жылытқанын көрсеткен..