Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыда Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері мен «Әділет» партиясының өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру аясында халықпен кездесті

Алматыда Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері мен «Әділет» партиясының өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру аясында халықпен кездесті
Алматы қаласының бірқатар ауданында Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері мен «Әділет» партиясы өкілдерінің еңбек ұжымдары және білім беру саласының өкілдерімен кездесулері өтті.

Жиындарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бастамалар мен стратегиялық міндеттер түсіндірілді. Отандық өндірісті қолдау, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Цифрландыру және технологиялық әлеуетті дамыту

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Станислав Канкуров, Нұржан Жақыпов, «UvU International Ltd» IT компаниясының директоры Мадияр Төлеуғали ақпараттық технологиялар және білім беру салаларының өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер түсіндіріліп, цифрлық экономиканы дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Президент Жолдауында Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру аясында елімізде екі суперкомпьютер іске қосылғаны, ал үшінші суперкомпьютерді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланғаны айтылды.

- Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту экономика мен қоғамды жаңғыртудың маңызды бағыттарына айналды. Жаңа технологияларды тиімді енгізу үшін білім сапасын арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және IT инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл ретте білім беру ұйымдары, технологиялық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайту маңызды, - деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.

Отандық өнеркәсіпті қолдау және өндірістік әлеуетті арттыру

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев пен «Әділет» партиясының өкілдері Алматы көпір құрылымдары зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі міндеттерді түсіндірді. Жиында отандық өнеркәсіпті қолдау, өндірістік қуатты арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқанын атап өтті. Инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Осы бағытта құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды отандық кәсіпорындарда өндіруге басымдық берілмек.

- Өнеркәсіптің дамуы - қала экономикасының тұрақтылығы мен жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі. Отандық өндірісті қолдау және жұмысшыларға лайықты жағдай жасау - біздің басты бағытымыз. Кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді тікелей еңбек ұжымдарымен талқылау өте маңызды, - деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев.

Өндірісті дамыту және еңбек адамының мәртебесін арттыру

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру аясында «Әділет» партиясының өкілдері Жетісу ауданындағы «Асфальтобетон-1» зауытының еңбек ұжымымен жүздесті. Жиында өндірістік кәсіпорындарды қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.

Президент Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру тапсырылды. Бұл шара еліміздегі 1,8 миллион адамның табысын ұлғайтуға ықпал етпек.

- Өндірістік кәсіпорындар қаланың экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан өндірісті жаңғыртумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлу қажет. Экономикалық өсім ең алдымен тұрғындардың әл-ауқатының артуынан көрініс табуы тиіс, - деді «Әділет» партиясының өкілі Елдос Атамқұлов.

Ұстаздардың мәртебесі мен еңбек жағдайын жақсарту

«Әділет» партиясының өкілдері №180 жалпы білім беретін мектептің педагогикалық ұжымымен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы білім беру саласына қатысты міндеттерді түсіндірді. Жиында мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, есеп беру жүйесін жеңілдету, педагогтердің құқықтары мен абырой-беделін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жолдауда білім беру инфрақұрылымын дамыту мен инклюзивті білім беруді жетілдіруге де басымдық берілген. Бүгінде елімізде инклюзивті білім алуды қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Сонымен қатар республика бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

- Мемлекет басшысы Жолдауында мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және олардың қызметіндегі артық жүктемені азайтуға ерекше назар аударды. Ұстаздың басты міндеті - балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан білім беру саласындағы кез келген өзгеріс педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдағы беделін арттыру және кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау маңызды, - деді «Әділет» партиясының өкілі Гүлжан Бекенова.

Педагогтер білім беру саласының өзекті мәселелерін көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту мен оқу үдерісін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев пен «Әділет» партиясының өкілдері Медеу ауданындағы «Orbis Auto» компаниясының еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық басымдықтар түсіндіріліп, кәсіпкерлікті дамыту, қалалық инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Президент Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткені, ал негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жақындағаны атап өтілді. Осыған байланысты Үкіметке орта бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғырту тетіктерін қамтитын арнайы даму жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.

- Қаланың тұрақты дамуы экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюімен, кәсіпкерліктің өркендеуімен және тұрғындардың әл-ауқатының артуымен тығыз байланысты. Қалалық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру барысында еңбек ұжымдарының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру маңызды. Қабылданатын шешімдер қаланың нақты қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс, - деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев.

Ашық диалог және ортақ міндеттер

Жалпы, Алматыда өткен бес кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған әлеуметтік-экономикалық басымдықтар кеңінен талқыланды. Еңбек ұжымдары, педагогтер, ақпараттық технологиялар мен кәсіпкерлік саласының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Мұндай кездесулер халықтың Президент бастамалары туралы ақпараттануын арттыруға, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға және елдің стратегиялық даму міндеттерін жүзеге асыруда ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар