Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Астана қаласының бас имамының зәулім үйі, төрт әйелі бар»: видео авторына 707 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

«Астана қаласының бас имамының зәулім үйі, төрт әйелі бар»: видео авторына 707 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
Сурет: фотоколлаж kyn.kz
Сот құқық бұзушының кінәсін мойындауын және өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды

Жақында желіде Астана қаласының бас имамының зәулім үйі, төрт әйелі бар деген видео тараған. Алайда, видеодағы ақпарат жалған болып шықты. Видеоның авторына 707 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін Б-ға қатысты істі қарады. Оған ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді.

Сот барысында Б. өз кінәсін толық мойындады. Ол үйдің кімге тиесілі екенін және оның қандай қаражатқа салынғанын білмейтінін, бейнероликті тек «көру үшін жариялағанын» айтып, өкініш білдірді.

Сот құқық бұзушының кінәсін мойындауын және өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 180 айлық есептік көрсеткіш (707 760 теңге) көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Сот қаулысымен Б.-ға 180 АЕК мөлшерінде (707 760 теңге) айыппұл салынды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген сот хабарламасында.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар