“Анашым, мені өлтірді”: Астанада жасөспірім бетін пышақпен тілгілеген баланың анасы мәлімдеме жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 ақпан, 2025
- 1.6k

Астанада жасөспірім бетін пышақпен тілгілеп тастаған 5 жасар баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап .
Айтуынша, 5 жасар Батырды ол картоп алып келуге дүкенге жіберген екен. Бірақ подьезге кіргенше қарап тұрған.
“Кішкентай баламен үйде отырмын. Сол себепті баламды дүкенге картоп алып келуге жібердім. Терезеден өзім бақылап қарап тұрдым. Батыр есікке жақындап, домофонға қоңырау соқты. Оған қол бұлғап едім, мәз болып подъезге кіріп бара жатты. Сол уақытта жасөспірім есіктің жанында басқа қызға тиісіп тұрған. Батыр есікті ашқанда бірге подъезге кіріп, ары қарай жеделсатыға кіріп кеткен”, – дейді Батырдың анасы.
Әйел оқиғаның қалай болғанын бейнекамерадан анық көруге болатынын айтады. Баласы 1-қабаттан 4-қабатқа дейін өзі көтерілген. Үйге жеткенде құлап қалған.
“Кіре сала “Анашым, мен өліп барамын, мені өлтірді” деді де құлап түсті. Мен не болғанын түсінбей қалдым. Бетінің бәрі қан-жоса, мына жер де қанға боялды. Абдырап қалған мен көршілерге хабарластым. Олар жедел жәрдем шақырды. Көрші тұратын Жандос – хирург. Қанды тоқтатуға көмектесті. Ол болмағанда балам көп қан жоғалтар еді. Сөйтіп баланы ауруханаға алып кетті”, – дейді әйел.
Айтуынша, жасөспірім баланы алдап тұрып, бетіне пышақты бірнеше рет тығып жіберген.
“Алғашында екеуі жеделсатыда бір нәрсені бөлісе алмай қалды екен дедім. Балалар ғой. Сөйтіп баланы күрекпен ұрды деп ойладым. Ал лифттегі видеоны кейін көрдім. Ол лифтті ұстап тұрып, алдымен Батырды күрекпен алдандырып тұрған. Кейін пышағын алып шығып, бетіне бірнеше рет тығып алды”, – дейді Батырдың анасы.
Анасының сөзінше, ауруханада жатқан баланың сол жақ беті жұмыс істемейді. Бетіндені жүйке талшықтары мен артерияға зақым келген.
“Бетін наркозбен тікті. Түнде жағдайы нашарлады. Барып едік, бізді кіргізбей қойды. Қазір баланы палатаға ауыстырды, есін жиды. Сол жақ беті жұмыс істемейді. Бетінің бәрі ісіп кеткен. Батырдың 1-типті қант диабеті деген диагнозы бар. Қанша уақытта жазылатынын білмеймін. Қазір ең бастысы – Батырдың жазылып кетуі. Мен мұны бұлай қалдырмаймын. Батыр – қарапайым, ақылды бала. Дайындыққа, ағылшын тіліне, күреске баратын. Адамдармен тез тіл табысады. Балалар алаңында Батырды бәрі біледі, онымен ойнайды. Жанымызда мектеп болғандықтан балалар көп. Балалар ата-анасыз жүреді. Ол кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін еді. Сонда қауіпсіздік қайда? Қателігім – баламды жалғыз жібергенімде. Осы әрекетіме сан мәрде өкіндім. Бірақ бұлай боларын кім білген. Бұл не деген айуандық”, – дейді ашынған ана.
Әйел ұлының бетін тілгілеген жасөспірімнің қатаң жазалануын талап етіп отыр.
5 жастағы баланы жаралаған жасөспірімнің пышағы тұрғынүй кешенінен 250 метр қашықтықта орналасқан балабақшаның жанынан табылды.