«Рамазан айына дейін арақ ішкен адамның оразасы қабыл бола ма?»: мүфтият жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 ақпан, 2025
- 1.2k

Рамазан айына дейін арақ ішкен адамның оразасы қабыл бола ма деген сұраққа қатысты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы пәтуа жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мүфтият бұған қатысты Құран аяттарын мысалға келтіріп «Арақ-шарап ішу – дінімізде харам, үлкен күнә саналады» деп жазған.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім арақ ішетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды» деген. Тағы бір хадисте: «Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді де оны «хабәл» (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады» делінген», - деп жазған мүфтият.
Ал, Рамазан айының қарсаңында ішімдік ішудің үкімі туралы жазған мүфтият «ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл ететінін айтады.
«Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды» деген пәтуа шығарды.