Рамазан-2025: Бас мүфти көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:10
- 60

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наруызбай қажы Тағанұлы Рамазан айы қарсаңында көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚМДБ-да бүгін баспасөз мәслихаты өткізіліп, басты сұрақтарға жауап берілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекіткен.
Ортақ пәтуаға сәйкес, биылғы қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Бас мүфти атап өткендей, Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Бұған шариғат рұқсат береді.
«Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат», – дейді Бас мүфти.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап екені аталып өтті.
Бұл сұрақ баспаөсз мәслихаты барысында қойылған. Наурызбай қажы Тағанұлы шамасы келген адам садақа және ауызашар беретінін айтты.
«Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, кішкене құрма немесе бір жұтым су болсын – ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті», – дейді ол.
Наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы оразаның басты екі шартының біріншісі – ниет, екіншісі – таңсәріден күн батқанша ішуден, жеуден, төсек қатынастан тыйылу екенін атап өтті.
Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі екенін айта келе, бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал екенін, дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегін жеткізді.
Ұқсас жаңалықтар
Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшқан ұшақтан өрт шықты
- авторТомирис Тоныкөк
- 23 ақпан, 2025