Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Ұлым өсе бастағаннан кейін, қарау қиындай түсті»: Астанадағы лифтте баланың бетін тілгілеген жасөспірімнің анасы шындығын айтты

«Ұлым өсе бастағаннан кейін, қарау қиындай түсті»: Астанадағы лифтте баланың бетін тілгілеген жасөспірімнің анасы шындығын айтты
Сурет: видеодан скриншот
Барлығымыз адамбыз, бұлай болғанына өкінемін

Астанадағы лифтте 5 жасар баланы пышақтап тастаған жасөспірімнің анасы ұлының жағдайы, отбасының қиындықтары мен қылмыстық істің барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап.

Жасөспірімнің анасы ұлын медициналық қызметкердің ұрып-соғыуына қатысты мәлімдеме жасады. Әйелдің сөзінше полиция тиісті шараларды уақытылы қабылдамаған. 

"Менің ұлым қазір стационарда жатыр. Жағдайы тұрақты. Жексенбі күні баламды көруге келген кезде ол медицина қызметкері өзін соққыға жыққанын айтып шағымданды. Басынан және кітаппен қолынан ұрған. Ана ретінде мен баламның айтқанына бей-жай қарай алмадым. Қолы ісіңкіреп тұрды. Ол қабақ жағы ауырып тұрғанын, саусағы сынғанын айтты. Балам жылап, шағымданды. Дұрыс сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Өйткені кездесуге 15 минут қана рұқсат етіледі”, – дейді ол. 

Жағдайды естігеннен кейін жасөспірімнің анасы бірден полиция шақырған. 

"Мен полиция шақырдым. Негізі мұндай жағдайлар бойынша арнайы топ келіп тексеруі керек деп ойлаймын. Олар ғимаратты, баланы фотоға түсіруі керек еді. Бұл процесстің қалай болатынын нақты білмеймін. Жергілікті учаскелік полицей келіп, менен, кезекші дәрігерден және балама қол көтерген қызметкерден жауап алды. Арызымызды алып, демалыс күні болғандықтан, ертең келіңіздер деді. Ертең істің нәтижесі хабарланады деді. Фото, видео түсірілген жоқ. Полицей тіпті ұлымнан түсініктеме алғысы келмеді. Мен ұлымнан жауап алынуын сұрадым. Бірақ полиция қызметкері “баладан сұрап не керегі бар, аурушаң ғой” деп айтты. Мен бой бермеген соң ғана баламмен сөйлесті”, – дейді ол.

Әйелдің сөзінше жасөспірімге медициналық сараптама тек төрт күн өткен соң ғана жасалған.

"Сараптама тек қана бүгін жасалды. Төрт күн өтіп кеткендіктен, нәтиже де шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Оған қоса рентген де түсірмейді екен. Тек қана баланы тексерді, болды. Маманды осы жерге шақырып, баланы тексеріп, фотоға түсірді. Арнайы мекемеге алып бармай, маманды стационарға шақырды. Барлығы сараптамадан кейін белгілі болатын шығар. Төрт күн өткендіктен айқын белгілер жоқ. Жексенбі күні қолы ісініп тұрған. Сараптама жасату үшін күнде осы жерде болдық. Төртінші күн дегенде ғана қол жеткізе алдық”, – дейді әйел.

Жасөспірімнің анасы желідегілердің пікірін оқымайтынын, өзін тек қана науқас баласы барлар ғана түсінетінін айтады.

"Буллингке қатысты айтатын болсам, әрбір адам өз санасына қарай баға береді. Мұндай ауру баласы болмаған адам түсіне бермейді. Қазір мұндай балалар өте көп. Олардың ата-аналары түсінеді деп ойлаймын. Мен әлеуметтік желідегі пікірлерді оқымаймын”, – дейді ол.

Сонымен қатар, әйел мемлекет тарапынан осындай диагнозы бар балаларға қажетті деңгейде қолдау көрсетілмейтінін алға тартты.

"Мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз деп ойлаймын. Арнайы интернаттар, мұндай балаларды оқытатын жүйе жоқ. Көп жағдайда үйден оқытылады. Оларды да қоғам үшін тәрбиелеу қажет. Бірақ бізде бұл ойластырылмаған. Мұндай балаларға арнайы мектептер ашылған болса, жеңіл болар еді. Шетелден ем аламыз. Америкадан онлайн түрде, Ресей мен Украинадан мамандар келеді. Біз баламызға қашан көмектеседі деп отырмаймыз, бұл жағдайдан шыққымыз келеді. Мен баланы жалғыз қалдыруға болмайтынын білемін. Ұлымды ешқашан жалғыз қалдырған емеспін. Үнемі жанында анам болатын. Ұлым өсе бастағаннан кейін, оған қарау қиындай түсті. Сол себепті арнайы көмекші шақыратын болдым. Әр адам шамасы келгенше баласына жағдай жасауға тырысады. Арнайы әлеуметтік қызметкерлер жіберіліп, ұзақ уақыт бойы көмек көрсетілсе, әрине, жақсы болар еді. Бұл қызметтің барлығына ақы төлеу қажет. Дәрілерді де шетелден аламыз, мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы жеткіліксіз. Бар тапқан табысымды балама, оның еміне жұмсаймын”, – дейді ол.

Оған қоса жасөспірімнің анасы зардап шеккен тараптан кешірім сұрайтынын, болған оқиға үшін өкінетінін айтты.

"Зардап шеккен тараппен байланысуға тырыстым. Ол кезде олар ауруханада еді, сөйлесе алмадым. Баламның әрекеті үшін кешірім сұрағым келеді. Барлығымыз адамбыз, бұлай болғанына өкінемін. Мен ешкімді сөкпеймін. Түсінетін адам түсінеді. Адам басына түспеген соң түсінбейді деп ойлаймын”, – деді ол. 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар