Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“581 мың теңге”: соңғы бес жылда мұғалімдердің жалақысы қаншаға өскені белгілі болды

“581 мың теңге”: соңғы бес жылда мұғалімдердің жалақысы қаншаға өскені белгілі болды
Сурет: ortcom.kz
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге болды

Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің айлық жалақысы соңғы бес жылда қалай өскенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олардың 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемеақы алады. 

2020 жылдан бастап президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркуйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 % көлемінде үстемеақы қосылды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін, мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне  (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%) байланысты қалыптасады.  

Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді: 

Педагог-шебер – 50%

Педагог-зерттеуші – 40%

Педагог-сарапшы – 35%

Педагог-модератор – 30%

Ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлінуде – олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге болды. Бұл ретте ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады. 

Сонымен қатар, Қазақстан білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақымен марапаттауды үрдіске айналдырған санаулы елдердің бірі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құрады. 

Марапатталушылардың арасында – Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар. 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар