«Денесін қаңырап тұрған моншаның жанына тастап кеткен»: Ақтөбеде оқушының өліміне қатысты сот басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 наурыз, 2025
- 18

Ақтөбеде елді дүрліктірген оқушының өліміне қатысты сот басталды. Қопа ауылында жоғары сыныптағылар Нұржан Сыдыққа әлімжеттік көрсетіп, өлімші етіп сабаған болатын. Оның жансыз денесін қаңырап тұрған моншаның жанына тастап кеткен. Тергеу жарты жыл бойы жүрді. Қаралы отбасы сот ашық өткенін талап еткенімен, судья оны қанағаттандырмады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Сот залы лық толы болды. Баласынан айрылған отбасы мен туыстарынан бөлек, айыпталған алты оқушының да жақындары келді. Судья сотталушылардан да, прокурордан да тілшілердің процеске қатысуына қатысты пікірін тыңдады. Олар бұған қарсы болды. Енді үкім шыққанша іс жабық өтеді. Кісі қолынан қаза тапқан марқұм Нұржан Сыдықтың отбасы бұған наразы.
Былтыр оқу жылы басталған бойда 14 жастағы жасөспірімді ұруға 11-сынып оқушысы бұйрық берген. Оныншы сыныптағылар оны тепкілепті. Өлі денесін сол маңнан өтіп бара жатқан Қопа ауылы тұрғыны кездейсоқ байқап қалады. Басында тергеушілер адам өлтіру бабы бойынша іс қозғағанымен, кейін абайсызда адам өлтіру дерегімен сотқа жолдаған.
Қаралы отбасы сотталушылардың кейбірінің ата-анасы әлі күнге мектепте жұмыс істейтінін айтады. Оларды уақытша қызметтен шеттеуді білім басқармасындағылар да сұраған. Өйткені жәбірленуші тарап куәгер ретінде сұралатын оқушыларға мұғалімдер қысым көрсете ме деген қауіптенеді.
«Інімді өлтірген оқушылардың ата-аналары ішінде мұғалім ата-ана да бар. Оларға мектепте жұмыс істеуге неге рұқсат беріледі? Неге сот аяқталғанша жұмыстан уақытша шеттетілмеске? Сот болып жатыр, ол балаларды азғыруы мүмкін. Басқаша үгіт жүргізуі мүмкін», - дейді, Н.Сыдықтың әпкесі Мереке Қалдыбаева.