«Бүгінгі ерлігі біраз жігіттердің қолынан келмейді»: Ерғали Әбдірайымов Алматы әуежайындағы оқиғада батырлық танытқан інісі туралы жазды
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 наурыз, 2025
- 474

Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алды деген күдіктінің қолынан пышағын тартып алып, ерлік танытқаны үшін президенттің марапатына ие болған Әбдірайымов Мұса жайлы ағасы "Жігіттер" квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Інісін мақтан тұтатынын және оның көпбалалы әке екенін айтты.
"Ата-анадан туған жеті бала, бір қыз едік. Ішіміздегі кенжеміз, Әбдірайымов Мұса Сайранбайұлы. 1973 жылы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген.
Бүгін мені "Жігіттер" тобымен Қостанай қаласына 09.25 те концерттік шараға әуежайдан шығарып салып, ұшақтан түссек әлеуметтік жүйе қайнап, көптеген қоңырау түсіп, "Мұса сіздің ініңіз емес пе" деп қоңырау шалуда. Ішімнен не бүлдіріп қойды екен деп қобалжыдым. Сөйтсем нағыз ер мінезді жігіттің ісін жасап, елдің құрметіне ілініп жатыр екен.
Кәсіби спортпен шұғылданған. Қазіргі таңда 5 баласы бар, ардақты әке. Бүгінгі ерлігі рас еркекпін деп жүрген біраз жігіттердің қолынан келмейді.
Ешкім батыр боламын, қаһарман боламын деп жоспармен жүрмесі анық. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, өзіңнің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, басыңды кепілдікке тігу үлкен ерлік пен имандылықтың белгісі. Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті. Бала-шағаның несібесі таусылмасын. Кез келген марапатқа лайықтысың бауырым! Біз сізбен мақтанып жүрейік", - деп жазды Ерғали Әбдірайымов.
Айта кетсек, бүгін, 7 наурызда Алматыда ер адам әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқанын жазған едік. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 минуттан кейін құқық бұзушыдан полиция қызметкерлері мен әуежайдағы азаматтардың көмегімен суық қаруы алынды.