«Қызымды ұрып-соғып, тұншықтырған»: анасы қызының өліміне күйеу баласын кінәлайды
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 наурыз, 2025
- 488

Алматы облысы Қарасай ауданында 20 жастағы Ажар 6-қабаттан құлап, көз жұмды. Артында бір жасар ұлы қалды. Туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді және оны күйеуі осындай жағдайға жеткізді деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға 9 наурыз күні “Асыл Арман” тұрғынүй кешенінде болған.
Марқұмның анасының айтуынша, қызы өз сыныптасына екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Алайда күйеуі оны жиі ұрып-соққан, тұншықтырған, анасы екеуі бірге қорлық көрсеткен. Бірде оны есінен танғанша ұрған. Отбасында Ажардың соққыға жығылғанын дәлелдейтін суреттер бар.
“Оны бірнеше рет ұрған еді. Күйеуі анасымен бірге ішімдікке әуес. Бірігіп қызымды қорлайтын. Бір күні есі танғанша ұрып тастаған. Қызым суреттерін жіберген. Осы жолы мейрам алдында не болғаны белгісіз. Бірақ өлімімен аяқталды”, - дейді анасы.
Әпкесі күйеубаласы Қарақалпақстан елінен келгенін және құжаты болмағанын айтады. Олар Ақтауда тұрып келген. Сол кезде марқұм күйеуінің ұратынын және есірткі қолданатынын жеткізген.
Қайғылы оқиға болған күні пәтерде күйеуі мен енесі болған. Туыстары оларды кінәлайды, бірақ бақылау камераларының жазбасын көруге мүмкіндік берілмеген.
Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда марқұмның жақындары істі «суицид» деп жауып тастауы мүмкін деп алаңдайды.